Павлодарда жастар үйіндегі жанжалдан кейін педагогтар жазаға тартылды

Павлодарда жастар үйіндегі жанжалдан соң педагогтар жазаға тартылды. Психолог пен тәрбиеші жұмыстан қуылса, мекеме басшысына сөгіс жарияланды. 

Еске салсақ, жанжал екі тәрбиеленуші арасында болған. Екі қыз бала сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан. Кейін мекеме әкімшілігі полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырған. Қыздардың бірі психиатриялық ауруханаға жеткізілді. Алайда ол ауруханаға жатудан бас тартты. Бұл дерек бойынша облыстық білім беру басқармасы қызметтік тексеріс жүргізді.

Гүлмира Байғазинова, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы: 

- Жастар үйінің басшысына жол берілген бұзушылықтар үшін сөгіс жарияланды. Сонымен қатар салалық басқарма осы тектес мекемелердің қызметкерлері мен жетекшілерін балалардың денсаулығы үшін жауапкершілікті арттыру мақсатында қосымша бұйрық шығарды. Біз жанжал немесе дау-дамайлар кезінде әрекет ету жөніндегі алгоритм әзірлеп, мамандарға жолдадық.