Батысқазақстандық оқушылар IV тоқсанда аралас форматта оқиды

Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты мектептегі оқыту үрдісіне бірқатар өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, әр сыныптағы шәкірттер саны 15-тен аспауы тиіс. Сонымен бірге 6-7 және 8-сынып оқушылары соңғы тоқсанды да үйден оқитын болды. Карантин кезінде оқушылар бағдарламадан қалып қоймауы үшін аймақта негізгі пәндер бойынша сабақтар өткізу қолға алынған. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеуге өңір түлектері қалай дайындалуда?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Ақылбек Есенәлин – Тарих, экономика және құқық факультетінің магистрі. Университеттегі қызметтен қолы қалт еткенде оқушылармен осылай онлайн жүздесіп тұрады. «Пандемия жағдайында оқушылардың білім сапасы төмендеп кетпеуі тиіс. Біздің мақсат соған аз да болса үлес  қосу»,- дейді ғалым.

Ақылбек Есенәлин, ҚР Тарихы кафедрасының оқытушысы:

- Қазіргі кезде біз білім басқармасының ұйымдастыруымен Zoom платформасында облысымыздың 4142 оқушысына жалпы мектеп бітіруші түлектердің барлығын қамтып, міндетті пәндерден дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Апта сайын бізге берілген уақытта біз барлығына қосыламыз да, өзіміздің пәніміз бойынша дайындық жұмыстарына консультация береміз.

Ақбота Ағынғалиева – сол биыл мектеп бітіретін 4 мыңнан аса түлектің бірі. Келешекте дәрігер болуды армандайтын шәкірт көп уақытын ҰБТ сынағына дайындалуға жұмсайды.

Ақбота Ағынғалиева, 11-сынып оқушысы:

- Мектепте қосымшалар болады, сонымен қатар арнайы курстарға барамыз. Сонымен қатар пединститут секілді жоғарғы оқу орындары ZOOM арқылы көптеген қосымша сабақтар өткізеді. Және мектептегі мұғалімдеріміз сенбі күндері қосымша сабақтарға келіп, нұсқаларды талдап дайындалып жатырмыз.

Жанғаным Бекматова, №1 мектеп директорының орынбасары:

- Онлайн режимде консультацияларға жүйелі түрде қатысады балалар. Оқушыларға ешқандай шектеу қоймаймыз, олар қосымша білім орталықтарына барып та, білімдерін толықтырып отырады. Сондықтан биылғы оқу жылындағы түлектеріміздің ҰБТ дайындығына ешқандай кедергі болып жатырған жоқ деп ойлаймын.

Оралдағы жалпы білім беретін 51 мектепте 52 мыңдай оқушы білім алып жатыр. Қаулы талаптарына сәйкес мектепалды даярлық пен 1-5 сыныптар IV тоқсанда аралас форматта оқиды. Биыл мектеп бітіретін 9 бен 11-сынып оқушылары үшін пәндердің 70%-і штаттық, ал 30%-і қашықтан оқу форматында жүзеге асады.

Айтжан Даумова, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

- Оқушылардың білім олқылықтарын жою мақсатында каникул кезінде консультациялар ұйымдастырлды. Оффлайн түрінде де, онлайн түрінде де сабақтар өткізіліп, оқушылардың білім жетістіктерін артыру бойынша жұмыс жасалды. Қазіргі таңда біздер тоқсандық қорытынды бойынша білім сапасын қарастырсақ, қазіргі таңда білім сапасы төмендеген жоқ, өзінің деңгейінде өткен жылғымен салыстырғанда сол шамаға келіп тұр.

Оқушылардың білімін шыңдау аясында қолға алынған істер баршылық. Мәселен, «Үздіксіз практика» жобасы аясында ЖОО студенттері үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс істейді. Мектеп түлектерін ҰБТ-ға даярлау мақсатында аймақта 400-ден аса «On-line» кеңес ұйымдастырылған. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов