NASA-да тағылымдамадан өткен қазақ баласы астероидтерге арналған миссияны әзірледі

16 жастағы қазақ баласы АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасында іс-тәжірибеден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Назарбаев зияткерлік мектебінің оныншы сынып оқушысы Ерасыл Тәуекел NASA ғалымдары мен инженерлерінің және зерттеушілерінің дәрістерін тыңдады. Екі апталық тағлымдамада қатысушылар шикізат алу мақсатында астероидтерге арналған миссияны әзірледі. Ерасылдың дайындаған жобасы үздіктер қатарынан табылып, 3-орынға ие болды.

16 жастағы қазақ баласы NASA-ның Линдон Джонсон атындағы ғарыш орталығында тағылымдамадан өтті. Онлайн форматта өткенімен қаршадай бала үшін америкалық ғарышкерлермен тілдесу керемет әсер қалдырған. Ерасыл Тәуекел Билл Макартур, Сунита Уильямс және Майкл Бэйкерден секілді алыптардан дәріс алған. Ол 2 аптаның ішінде шикізат алу мақсатында астероидтерге арналған миссияны әзірлеп шығарған.

Ерасыл Тәуекел, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы:

– Мен NASA мамандарымен онлайн отырып, зымыранның ұшырылуын мониторинг жасадым. Сондықтан мен сол үлкен тарихи, құнды ғарыш миссиясына сүбелі үлес қостым. Бұл жоба қиын, бірақ қызықты болғандықтан 6 ай жасадым. Біздің зерттеуіміз 3-шорын алып, контракт жеңіп алдық.

Ауылдағы ата-әжесінің үйіне барғанда аспандағы жұлдыздарды көріп, тамсанған. Ерасыл қалаға оралғанда керемет көріністі көзбен қайта көру мүмкін болмады дейді. Осыдан кейін жас баланың зымыран ғылымына қызығушылығы артқан. Ол алғашында модельдік зымырандарға арналған толық автоматтандырылған ұшыру қондырғысын жасап шығарды. Дарынды баланың ғылымда ауыз толтырып айтарлықтай өзге де жетістіктері бар. Мәселен, Корея, АҚШ, Мәскеу сынды елдерді бағындырып, жүлделі орындарға иеленген.

Оралбек Бидайбеков, Аэрокосмонавтика үйірмесінің жетекшісі:

– Ол – біздің мектептің мақтанышы. Оны байқаған мен өзіңнің зымыраныңды ұшырсаң қайтеді деген тапсырма қойдым. Ол бір аптада орындады. Нағыз еңбекқорлығын көрсетті. Маған сұрақтармен келіп отырады. Мен бағыт беріп отырамын.

Айта кетерлігі, «Байқоңыр» ғарыш айлағына сапар кезінде Ерасыл өз жобасын қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовке таныстырған. Жас ғалым әрдайым ізденіс үстінде жүріп, мүмкіндіктерді қалт жібермеуге тырысатынын айтады. Осылайша үлкен жетістіктерге жететініме сенімдімін дейді.

Наргиз Бекмағанбетова, Марат Диханбаев