Қазығұртта мұғалімдер мектеп директорының әділетсіздігі туралы шағымданды

Түркістан облысында ұстаздар «құқығымызды тапталды» деп шағымданып отыр. Қазығұрт ауылындағы мұғалімдердің айтуынша, мектеп директоры Шара Нәлібаева 20 жыл жұмыс істеп жүрген педагогтарға қасақана сағат бермейді. Осылайша білім ошағының басшысы заңның ала жібін аттап жүр, дейді мұндағылар. Мұғалімдердің мұңын Жасын Біркенов тыңдап қайтты.

Қазығұртта Қаныш Сәтбаевтың есімі берілген мектеп-лицей бар. Қазақтан шыққан тұңғыш академиктің атындағы алтын ұяда балаға білім берудің орнына мұғалімдер дауласуға мәжбүр. Дәлірек айтқанда, өз құқықтарын қорғаумен әлек. 

Анарқұл Сүттібаев, мұғалім:

- Қазір бізде пенсияға Малдыбаев Ердос шыққан. Соның сағатына біздің ставкамызды толтырудың орнына басқа бір мұғалім алып отыр. Заңсыз.

- Неге заңсыз дейсіздер?

- Еңбек кодексіне байланысты әрбір мұғалімнің ставкасы толуы керек.

- Қанша болуы керек?

- 18 сағат болуы керек.

Оспан Ташматов, мұғалім

- Сентябрьдан бері директордың алдына талай кірдім сағат мәселесі бойынша. Бізде сағат аз болғандықтан мен айттым: «18 сағатымды толтырып берсеңіз».  18 сағаттың есебінен істей беремін деп айттым. Соған қазір сағат жоқ деді.

Мұғалімдер «жанайқайымызды еститін құлақ жоқ» деп, жауар бұлттай түнеріп отыр. 

Анарқұл Сүттібаев, мұғалім

- Мектеп директорына мен өзім кірдім. Ол кісіге осы мәселені айттым. Шара деген апайымызға. Ол кісіге айттым: «Сіз біздің ставкамызды толтырып, содан кейін мұғалім алыңыз» дегенде ол «Менің жұмысыма ісің болмасын! Мен өзім білемін! Қайда барсаң, қайда бар. Білгеніңді қыл».

Ал мектеп директорының да айтар уәжі бар.

Шара Нәлібаева, Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-лицей директоры:

- Сырттан мен ешкімді қабылдаған жоқпын. Мен осы жерде мектептің барлық қызметкеріне бірдей қарап, ол кісінің дипломы бар. Мен көп балалы семьямын. 6 бала-шаға бағып отырмын деп, өтініш береді. Сөйтіп, барлығына 16 сағаттан бөліп бердік.

Мектеп директорынан кінәрат кеткенін аудандық білім бөлімі мойындап отыр.

Асан Уисимбаев, Қазығұрт ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Мұғалімнің апталық Еңбек кодексі 18 сағат. 18 сағат 1 ставка болып есептеледі. Бұл Еңбек кодексінде емес, жалпы білім стандартымен, білім заңымен нәрсе. Жалпы мектепте істейтін кісі 18 сағаттан кем істемеу керек.

Еламан Ілиясов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы:

- Салалық кәсіподақпен бірге салалық келісім бар. Оған сәйкес 18 сағатқа, яғни бір жүктемеге толтырмай, басқа мұғалімдерге бөліп беруге болмайды. Сондықтан алдымен 18 сағатпен қамтамасыз ету керек әрбір мұғалімді. Содан кейін бөлуі қажет.

Білім бөлімінің басшысы «бұл мәселенің оң шешімін табамыз» деп, істі аяқсыз қалдырмауға серт етті.

Асан Уисимбаев, Қазығұрт ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Енді бұл кісілердің мәселесін шешесіздер ме?

– Бұл шешіледі. Шешілетін мәселе. Бұл кісілердің 16 сағаты бойынша қалады да. Сәуір айынан бастап, 18 сағат болады. 

Десе де, мұғалімдердің көңілін үміт пен күдік қатар билеп тұр. Өйткені «құрғақ уәдемен қуырдақ қуырып, арқамыздан қағып жібермесе екен» дейді олар. Оған қоса ұстаздар директордың кегінен де қорқып отыр.

- Сіздер қазір сонда осы шағымдарыңызды айтқандарыңыз үшін директор тарапынан қудаланамыз деп сескенесіздер ме?

– Иә. Ондай жағдай болуы мүмкін сіздер кеткеннен кейін. 

Авторлар: Жасын Біркенов, Жандос Есенов