Шымкентте 32 мектеп карантинге жабылды

Шымкентте бірден 32 мектеп карантинге жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл білім ошақтарында коронавирус анықталды. Енді оқушылар тек екі аптадан кейін ғана партаға отыра алады, әзірге қашықтан білім алуға мәжбүр.

Мегаполисте сондай-ақ қауіпті дерт жұқтырғандар да көбейіп барады. Шаһар қазір «қызыл» аймақта тұр.

Білім ордасының карантинге жабылуы №20 гимназия шәкірттері үшін бүгін күтпеген жағдай болды. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, қауіпті індетті мұнда алдымен 4-сынып оқушысы әкелген. Кейінірек басқа да балалардан жұқпалы дерт анықталыпты.

Шаһардағы 32 мектеп бірден карантинге жабылып отыр. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар арасында оқушылар ғана емес, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер де бар. Мамандардың айтуынша, олардың жағдайлары орташа, асқынулар жоқ.

Роза Аханова, Білім және тәрбие ұйымдарын бақылау бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күнге бізде қаладағы 32 мектепте карантин жарияланды. Тексеру барысында анықтағанымыз, көбінесе балалар үй ішінде ауру жұқтырған. Отбасында ата-әжелері қауіпті індетке шалдыққан жағдайлар да көп тіркеліп отыр.

Қазір бұл мектептің шәкірттері онлайн тәртіппен білім алуға көшті. Қалған білім ошақтарында сабақ процесі санитарлық талаптарға сәйкес жүргізілуде. Балалар мектепке ата-аналарының қалауы бойынша ғана барып жүр.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Барлық білім ұйымдарында әсіресе, коронавирустан екпе алу мұғалімдердің арасында жүріп жатыр. 45,8% педагог бүгінгі күні вакциналаудан өтті. Балаларға білім беріп жатқандықтан, әрине, әрбір педагог түсіністікпен қарап, міндетті түрде өздері вакциналаудан өтуде. Ал мәжбүрлеу немесе оларды бір қинап салдырту жағдайлары орын алып жатқан жоқ.

Оқу жылының басынан бері 300 оқушы қауіпті індет жұқтырған. Жұқпалы дерт әсіресе, үшінші және төртінші тоқсанда көбейген. Жауапты мамандар жоспардан тыс тексеру барысында 34 мектепте санитарлық талаптарды өрескел бұзу фактілерін анықтап, 3 миллион теңге айыппұл салған. Ал, қалада COVID-19 жұқтырғандар қатары артып келеді. Соңғы тәулікте ғана 114 адамнан қауіпті инфекция анықталған. Денсаулық сақтау басқармасы ауруханаларда орын жететінін, дегенмен, қосымша стационарлар да дайындалғанын айтып отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов