Дуалды оқыту: БҚО-да жас түлектерді үйрететін тәлімгерлер жетпей жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы кәсіптік техникалық колледждерді биыл 6 мыңдай түлек тәмамдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта кәсіптік білім беретін жалпы саны 35 оқу орны бар. Аймақта кәсіптік-техникалық колледждердің материалдық базасы жыл санап жаңарып келеді. Дегенмен, оларды толғандырған мәселелер де жоқ емес. Баршасына ортақ дуалды оқытуға қатысты туындайды. Теорияны өндірістегі тәжірибемен ұштастыруда қандай қиындықтар бар деген сауалға,сол өңірдегі тілшіміз жауап іздеп көрді.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

-Күні ертең колледжді тәмамдайтын жас түлек үшін ештеңе де таңсық болмауы тиіс. Мәселен, құбырды плазмалық әдіспен тесетін мына әмбебап қондырғы мұнай-газ саласында кеңінен қолданылады екен. «Цифрлы басқару жүйесімен жарақтанған бұл жабдық түлектердің теорияны тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік береді»,- дейді мамандар.

Ал, теорияны өндірістегі тәжірибемен ұштастыру – дуалды оқытудың ең басты мақсаты. «Бұл ретте қиындықтар жоқ емес», - бар дейді сала мамандары. 

Мирас Сапарғалиев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Басты қиындығы – дуалды оқытуда өндіріске барған студенттерді тәлімгерлермен қамти алмайды. Себебі машықтануға шыққан 15 оқушыға кейде өндіріс орындары 1 тәлімгер тағайындайды. Сондықтан ұсыныс бар, біздің өндірістік оқыту шеберлерін сол өндіріс орындарына жақындатып немесе оқыту курстарынан өткізіп, бірлесе жұмыстану. Себебі берілген бағдарламаға сай 60% өндірісте 40% теориялық білім алу үшін осы бағыттарда жұмыстану қажет.

Білім саласы басшыларының бұл уәжі қаншалықты рас деген сауалға жауап табу үшін өндіріс ошағына жеттік. Аймақтағы трансформатор жасайтын іргелі зауытта колледж студенттері тәжірибеден өтіп жатыр екен.

Арсен Әсетов, колледж студенті:

- Бұл өндіріс орнында трансформаторлар құрап, орынға кері келтіреміз. Мына цехтарда қазір сымдарды кері орау процесі болып жатыр. Мысалы біз бір келгенде 15-16 бала келеміз, ал бізге қазір тәлімгерлердің аздығы проблема болып тұр. Тәлімгерлер бізге әрдайым қасымызға келгісі келеді, көмектескісі келеді, ниеттеніп тұр. Бірақ олар уақыт бөле алмайды, өйткені біз көп бала болып келдік.

Студент пен білім саласы басшыларының сөзі бір жерден шықты. Дегенмен, мәселе неге байланысты туындайды? Байқасақ, оның да бірқатар себептері бар екен:

Нұржан Абдуллаев, зауыттың өндіріс бойынша директоры;

- Жаңадан келген практиканттармен жұмыс істеуде шешілмеген мәселелер бар, қиындықтар туындайды. Бірінші мәселе ол практикант келгенде оны үйрету үшін бұрыннан істеп келе жатқан жұмысшым оған уақыт бөлу керек. Екіншіден, оған мастерім көңіл бөліп, қарау керек. Өйткені бұл жерде қауіпті аймақтар бар. Үлкен жұмыс атқарып жатқанда ол мастерлерге үйреткені үшін ештеңе төленіп жатпаған жағдай бар.

«Жас маман» бағдарламасы аясында кәсіптік техникалық білім беру саласына қомақты қаржы құйылған. Мәселен, жоғары аграрлық-техникалық колледжінің базасын нығайтуға 360 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржыға 5 мамандыққа қажет құрал саймандар сатып алынған. «Дегенмен, бұл да жеткіліксіз. Өйткені өндіріс ошақтары сәт санап дамып отырады. Одан қалып қоюға болмайды», - дейді колледж басшылары. 

Серік Мұхамбетәлиев, колледж директоры:

- Мысалы электрмен қамтамасыз ету мамандығында біз схема түрінде, компьютер, жалғау, автоматар түрінде көрсетеміз де, ал трансфоматор түрлері бізе жоқ. Сосын үлкен үлкен мұнай-газ сорғыш станциясы бізде расымен жоқ. Біздерде макет түрінде бар, оларды үйретеміз, бірақ біздің макетіміз барған кезде жыл сайын өзгеріп жатады, сәйкес келмей қалуы мүмкін. Слесарлық, сварщик бағытында да.

Аймақта дуалды оқыту үдерісі 29 мамандық және 36 біліктілік бойынша 23 оқу орнында жүзеге асып жатыр. Білім сапасын арттыру мақсатында 84 өндірістік мекемемен 92 келісімшарт жасалған. Дуалды оқыту жүйесі діттеген мақсатына жетуі үшін келешекте колледж түлектерінің емтиханды өндіріс ошағында тапсыруына да жағдай жаслады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...