424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Индер ауданындағы көпбейінді колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды

  • 171
  • UPD: 10:58, 21.04.2021

Атырау облысы Индер ауданында ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын көпбейінді колледж еліміздегі ең үздік 100 арнайы оқу орнының бірі саналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда шаруашылық техникаларына қызмет көрсету, аспаз және басқа да мамандар дайындалады. Бірақ ескі технологиямен дәріс алған жас мамандарға облыстың еңбек нарығында жұмысқа орналасу оңай емес. Сондықтан колледж биыл материалдық-техникалық базасын жаңартып, қосымша 5 мамандық енгізуді жоспарлап отыр.

Колледждегі қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру және кондитерлік біліктілік мамандығында 40-тан астам студент тәлім алып жүр. Солардың бірі – Ақжарқын Темірғалиева.

Ақжарқын Темірғалиева, студент:

- Бұл мамандықты мен кішкентай кезімнен қаладым. Түрлі тағамдар дайындауды ұнатамын. Үйде де тамақтар дайындап, анама көмектесемін. Бұл мамандық ұнағаннан кейін осында оқуға түстім.

Индер ауданында 20-ға жуық қоғамдық тамақтандыру мекемесі жұмыс істейді. Оның 12-сі жергілікті колледжбен келісімге қол қойған. Болашақ мамандар екінші курстан бастап өндіріс орындарында тәжірибе жинақтайды. Талап үдесінен шықса, тұрақты жұмыспен қамтылады.

Жайнагүл Өтепқалиева, колледж оқытушысы:

- Мұнан өзге 14 студентім бар. Қазір пандемияға байланысты екі-екіден шақырып, үйретіп жатырмыз. Тағам дайындауға қажетті заттарды үйреніп білсе деймін.

Арнайы оқу орны аспаздардан өзге фермер ісі, дәнекерлеуші, ауыл шаруашылығы техникаларын күтіп-баптау және автокөлік жүргізушісі секілді ауылға керек мамандар даярлайды. Келешекте жергілікті еңбек нарығына сәйкес тағы да 5 жаңа мамандық ашылмақ.

Бақытжан Ниетқалиұлы, колледж директоры:

- Биыл жіктеуіш дейміз, мамандар классификаторы өзгеріп жатыр. Соған байланысты біз лицензия алуымыз керек. Жоспарлап отырғанымыз: тігінші мамандығы және туризм мамандығы, сонымен бірге газ қазандықтарының жөндеушісі осы үш мамандық бойынша алғымыз келіп отыр. Сонымен бірге, тағы да жоспарымызда жылыжай операторы деген және робототехника. Осы бес мамандықты жоспарлап отырмыз, биылға.

Әрине, көне көрнекі құралдармен заман талабына сай мамандар дайындау мүмкін емес. Осыған орай, биыл қолға алынған республикалық «Жас маман» бағдарламасы бойынша еліміздегі орта буынды маман дайындайтын 180 оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға қаражат қаралған. Оның ішінде Индердегі шағын колледжге де 182 млн теңгенің жаңа қондырғылары алынбақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы