427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Инклюзивті білім беруге заманға сай стандарттар енгізіледі – Мәжіліс төрағасы

  • 139
  • UPD: 12:10, 21.04.2021
Инклюзивті білім беруге заманға сай стандарттар енгізіледі – Мәжіліс төрағасы

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин білімді дамыту, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында ешқандай кедергі болмау керектігін айтты.

«Себебі, ол – біздің ұлтымыздың, еліміздің болашағы. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпы білім, соның ішінде ерекше білім беру талаптарын жетілдіру туралы арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай әзірленіп, бүгін мақұлданған заң жобасында бірқатар маңызды сұрақ қамтылып отыр», - деді.

Енді инклюзивті білім беруге заманға сай стандарттар енгізіледі. Бұл жолда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұрғылықты жері ескеріледі.

Нұрлан Нығматулинің пікірінше, аталған балалардың мәртебесі заң деңгейінде толықтай және нақты реттеліп отыр.

«Бұл заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға, осы саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге, инклюзивті білімді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жол ашатын болады», - деді Палата спикері.

Осы заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын бейімдеу және іске асыру, ерекше білім беруді қажет ететін адамдар үшін жеке-дамыту бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, білім алу үшін арнайы жағдайлар жасау жөніндегі құзыреттерін толықтыруға, білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік қағидаларын бұзғаны немесе білім алу үшін арнайы жағдайлар жасамағаны үшін білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі бойынша редакцияның өзгеруіне, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қызметін нақтылауға бағытталған және тағы басқа да түзетулер енгізді.

Ақпарат көзі: Мәжілістің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы