«Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурсқа құжат қабылдау 4 мамырда басталады

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурсқа құжаттарды қабылдау 4 мамыр күні басталып, 28 қазанға дейін жалғасады.

Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Стипендиялар үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша осы жылға арналған басым мамандықтар тізбесі академиялық оқуға арналған тізімге «Инклюзивті білім беру», «Вирусология», «Урбанистика», «Жаңа материалдар технологиясы» сияқты өзекті мамандықтар енді», - деді А.Кәрібозова.

Алғаш рет «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері толығымен автоматтандырылғанын айтып өтті.

Үміткерге жеке кабинетінде бірегей код беріліп, ол барлық конкурстық іріктеу барысында пайдаланылады. Үміткердің жеке деректері де бірегей сәйкестендіру жүйесінің көмегімен кодталған.

Байқаудағы іріктеу кезеңдерінің саны алтыдан үшке дейін қысқартылды. Іріктеу турлары кешенді тестілеу, тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау кезеңдерін қамтиды.