Шетелге елімізден білім қуып барып, тұрақтап қалушы жастар көбейді

Сарапшылар ұсынған дерекке бойынша соңғы жылдары шетелге әуелі білім іздеп барып, кейіннен тұрақтап қалған қазақстандық жастардың саны көбейді.  Былтыр елден 15 мыңнан астам маман кетіпті. Оның дені айти және техника саласының қызметкерлері, экономистер мен педагогтар. Әлеуметтанушылар мұның бірнеше себебі бар дейді. 

Алуа Тебенова суретші, Румынияның Клуж-Напока қаласындағы Өнер университетінің докторанты. Мұнда 2015 жылы келген. Бір жыл ішінде румын тілін меңгеріп, әуелі магистратураға, кейіннен докторантураға түскен. Ол оқитын жоғарғы оқу орыны өз студенттеріне оқу бағдарламасын тағы 2-3 жылға ұзартуға мүмкіндік береді екен. Егер жақсы ұсыныс болып, жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе, Алуа Румынияда қалуға қарсы емеспін дейді.     

Алуа Тебенова, Румыния өнер университетінің студенті:

- Біздің елде суретшілерге сапалы білім беретін университет аз. Ал елден кетіп жатқан жастар жөнінде айтсақ, біреуі жалақы, енді біреуі сапалы білім үшін баруы мүмкін. Бәрі адамға байланысты. Жалпы мен білім алып, еңбек етіп жүрген өнер саласы нақты бір мемлекетке байланысты емес. Мәселен, мен көрмелерге қатысуға мүдделімін. Қазақстандағы, Румыниядағы шараларға қатыстым. Енді географиялық аумақты кеңейтіп, өз жұмыстарымды әлемге паш етсем деймін.   

Қазақстанда ойға алған дүниесін шетелде жүзеге асырған қазақ жастарының бірі Жанәділ Талдыбаев. Ол Оңтүстік Кореяда операциялық менеджмент мамандығы бойынша білім алған. Өзі сияқты студенттермен бірігіп, Қазақстан және Орталық Азия азаматтарына денсаулығы мен қолындағы қаражатына қарай емхана табуға көмектесетін айти-платформа жасап шығарды. Бұл стартап жобаға Корея биілігі 100 мың АҚШ долларын бөліпті.

Жанәділ Талдыбаев, медициналық туризм жөніндегі компанияның бас директоры:

- Негізгі мақсатым бизнесті дамыту, Корея мен Қазақстан арасында. Онымен шектелмей, дүниежүзілік нарыққа шығу. Өйткені 21-ғасырда бізге осындай мүмкіндік беріліп отыр. Қазір біздің офис Сеул және Алматыда бар. Келешекте Жапонияда офис ашу мақсатымыз бар.

Оңтүстік Кореядан бөлек қазақстандық жастар АҚШ, Германия, Беларусь, Ресей сияқты мемлекеттерге көп барады екен. Мәселен, соңғысында 70 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Әлеуметтанушылардың айтуынша, жастардың шетел асуына бірнеше фактор әсер етіп отыр.    

Исатай Мінуаров, әлеуметтанушы:

- Халықаралық миграция ұйымы бар. Қазақстанда да бөлімшелері бар. Сол ұйымның зерттеулері бойынша Орталық Азия жастарының шетелге кету тренді бойынша Тәжікстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттермен қатар Қазақстанның жастарынан сауалнама алған кезде респонденттердің 51 пайызы елден кетудің басты мотивы ретінде коррупцияны, барлық деңгейдегі бюрократияны және мемлекеттік аппарат жұмысының тиімсіздігі деп атаған. 

Жалпы соңғы кездері бұл мәселе үкімет деңгейінде талқыланып жүр. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі 2025 жылға дейін білім гранттарын 2 есе көбейтуді көздеп отыр. 500 жас ғалым әлемнің үздік ғылыми орталықтарында тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады. Жыл сайын жас ғалымдарға 1 мың грант бөлінеді. Бұдан бөлек техникалық білімге баса мән беру жоспарда бар.      

Асхат Аймағамбетов, ҚР БІлім және ғылым министрі:

- Техникалық және кәсіптік білім беру саласында барлық жастарға қажетті мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Осыған байланысты 2025 жылға дейін жастарды кезең-кезеңімен 100 пайызға дейін техникалық біліммен қамту жоспарлануда. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі 50 мыңға дейін кезең-кезеңімен ұлғаятын болады. Жоғары білім беруде кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын 100 пайыз жаңарту міндеті тұр. КьюЭс дүниежүзілік рейтингіне кіретін қазақсатндық ЖОО саны 15-ке дейін артады. 5 жыл ішінде республика аумағында 5 жетекші шетелдік ЖОО кампустарын ашу жоспарлануда.   

Бұдан бөлек қазақстандық 20 жоғарғы оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталығы ашылады. Оның бесеуі педагогикалық бағытта. Қалған 15-і өңірлерде жұмыс істейді. Айтпақшы, коронавирус пандемиясы шетел асқан жастардың санын азайтқанымен, процесті толық тоқтатқан жоқ. Ал 2014 жылдан бері білім мен қызметті өзге елден іздегендер тек көбейіп келеді екен.