Шетелдегі қандастарымыз қазақстандық университеттерге оқуға түсе алмай жатыр

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Қазыбек Иса осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл азаматтарға Ұлттық бірыңғай тестілеу жолын жеңілдету қажет.

«Өйткені пандемия кезінде шекара жабылған. Қандастардың көбі елімізге жете алмай, қиналып қалды. Сондықтан сынақты былтырғыдай онлайн өткізген абзал», - деді Қазыбек Иса. Ол Білім және ғылым министріне сауал жолдап, осы мәселені қолға алуды сұрады.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шетелдегі қандастарымызды Қазақстанға шақырудың бірегей жолы ол – атамекенде тегін білім алуға мүмкіндік жасау. Сол себепті соңғы өткен құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақ балаларын Қазақстанда білім алуына жағдай жасауға, квотаны 2 есе көбейтіп, 2 мыңға жеткізуге тапсырма берген еді. Алайда бұл гранттар ешқашан толықтай игерілген емес. Мысалы, 2020 жылы 2022 қандасымыз Қазақстанға оқуға талаптанып, тек 930 үміткер ғана оқуға мүмкіндік алды.