ШҚО-ның Үлкен Бөкен ауылында балалар көрші елді мекенге қатынап оқиды

Шығыс Қазақстандағы шағын елді мекен балалары көрші ауылдарға қатынап оқиды. Төрт жүзден астам оқушыны автобуспен тасымалдау оңай емес. Ауа райы бұзылса, балалар апталап сабақтан қалады. Тұрғындар ауылда ең болмаса бастауыш мектеп ашуды тілеп отыр. 

Үлкен Бөкен ауылындағы мектептің алдында автобус күтіп отырған оқушыларды күнде көруге болады.Мына балалар маңайдағы Жансары және Қарамойыл ауылында тұрады. Бірі 12, екіншісі 4 шақырым жерде.

- Здравствуйте, здравствуйте. 

Аяулым Рыскелдинова 8-сыныпта оқиды. Сегіз жыл бойы Жансары ауылынан Үлкен Бөкенге автобуспен барып келіп оқып жүр. Сіңлісі мен мектепалды даярлық тобындағы бауыры да ілесіп жүреді. 

- Қалай барып келдіңдер сабаққа?

- Жақсы. 

Ерте шыққаны, кеш шығатындарын тосып үйге жеткенше шаршайды дейді балалардың анасы. Мұндағы мектеп осыдан 12 жыл бұрын «бала жоқ» деген желеумен жабылыпты. Алайда қазір  бала саны көбейген. 17 оқушы болса, көпшілігі бастауышта. Сондықтан Жансарыда тым болмағанда сол кіші сыныптар үшін мектеп ашылса деген арманы бар ата-аналардың.

Әйгерім Рыскелдинова, Жансары ауылының тұрғыны:

- Әрине қажет, әсіресе кішкене нулевкаларға, олар кішкене ғой қарындары ашады, үлкен сыныптар сабағы біткенше тосып қиналып, тамақтарын дайындап, салып жіберіп отырамыз. 

Өз ауылында мектеп ашылғанын балалар да армандайды. 

Аяулым Рыскелдинова, 8-сынып оқушысы:

- Мектеп осы ауыл ішінде болса, қыста қиналмайсың, қарының ашпайды, керек кезде өзің үйіңе барып келе аласың. Мен өзім үлкейгенде өзім мектеп ашып балалардың өздеріне жақын жеріне мектеп ашар едім.

Жансарыда бастауыш сыныпқа арналған мектеп ашуға әбден болады дейді білім саласының өкілдері. Тек санитарлық талаптарға сай ғимарат керек. Жалпы қай жерде болмасын кіші сынып мектебін ашу үшін бала саны 5-тен кем болмауы қажет екен.

Адия Фахрудтинова, Көкпекті аудандық білім бөлімінің маманы:

- Ең бастысы, дұрыс ғимарат табылса болды. Меніңше, әрі қарай барлығы шешіледі. Тіпті мұғалімдерді де тауып бере аламыз. Бастауыш мектепте бала саны 5-тен, орта мектепте 80-нен, негізгі мектеп 41-ден баладан кем болмауы қажет. 

Неге екені белгісіз Жансарыдағы мектеп жағдайын шешуге білім саласындағылар енді ғана көңіл бөле бастады. 

Айтпақшы, ауданда пән мұғалімдері де тапшы. Мәселен, осы Үлкен Бөкендегі білім ошағында өткен күзде 3 мұғалім зейнетке шықса, енді тағы үшеуі дайындалып жүр. Осылайша қазір орыс тілі, физика, химия пәнінен сабақ беретін адам жоқ. Мектеп ұжымы тығырықтьан әупірімдеп шығып жүр. 

Айсұлу Егеубаева, Үлкен Бөкен орта мектебінің директоры:

- Оны шешеміз былай, жақын орналасқан мектептерден өзімізге шақырамыз, Приоброженка деген 7 км орналасқан, Приобреженка ауылы бар сол мектептен келіп мұғалімдер сабақ береді, біз оларға барып береміз, солай шығып жүрміз. 

Ауданда мектеп деген атымен жоқ ауылдар бар. Мәселен, Қарағандыкөл елді мекенінде мал шаруашылығымен айналысып жүрген отбасылар балаларын қалада оқытып, екі ортада сенделіп жүрміз дейді. Егер мектеп болса толығымен ауылға қоныстанар едік деген ниетте. Тіпті ондағы кейбір белсенді азаматтар мектеп ашу үшін демеушілік көрсетуге де дайын отыр.

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов