Балқашта ең үлкен балабақша ашылады

Қарағанды облысының Балқаш қаласында жаңа балабақша пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шаһардағы ең үлкен бөбекжай болмақ. Қазір нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған бұл көне ғимарат әуелі театр болыпты, кейін мұнда колледж орналасқан. Осыдан бірер жыл бұрын қаңырап бос қалады. Сөйтіп, қаңғыбастардың мекеніне айналған. Қысқа мерзімде үш рет өртеніпті. Архитектуралық келбеті ерекше ғимаратты сақтап қалу үшін жергілікті кәсіпкер Серік Қасымбеков меншігіне сатып алған. Кейін қаладағы сұранысты ескере келе балабақша ашуға шешім қабылдайды. Ол үшін 200 миллион теңге қаржы бөлген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылатын бөбекжай 280 бүлдіршінге арналған.

Жарылқасын Дәукенов, құрылыс учаскесінің шебері:

- Черновой жұмыстар жүріп жатыр, сосын мына электр сымдары тартылып, аяқтап қалдық. Санузелдер жасалып жатыр. Енді сырт жағына келсек, бордюр, брусчаткалар салынып жатыр. Шамамен 80-90%-ін жобалап қалдық. Алла қаласа, осы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына сыйлық ретінде бітіріп, жобалап қаламыз.