429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық оқушы әлем университеттерінен шақырту алды

  • 112
  • UPD: 20:22, 02.05.2021

Алматылық оқушы Кибриянұр Абдугафарова әлемнің іргелі университеттерінен шақырту алды. Енді ол АҚШ-тағы Ричмонд және Дрексель, Канададағы Британдық Колумбия және Оңтүстік Кореядағы КАИСТ университеттерінің қай-қайсында да оқи алады.  

Кибриянұрдың нақты ғылымға деген қызығушылығы бала кезден басталады. Математиканы жақсы көрген ол, кейін келе физиканы да ерекше зейін сала оқиды. Ал жоғары сыныпта химия пәнімен танысқан соң «болашағын осы ғылыммен байланыстырамын» деп шешеді.  

Кибриянұр Абдугафарова, 12-сынып оқушысы:

- Химия өте қызықты әрі таңқаларлық ғылым. Күрделілігі де бар. Әр тапсырманы орындаған сайын жаңа білімді меңгересің. Тағы бір қызығы, мұнда формула жаттаудың қажеті жоқ. Логикалық ойлау арқылы есепті шешесің.

Кибриянұр бірнеше жыл қатарынан химия пәні бойынша республикалық олимпиадалардан алтын медаль жеңіп алған. Ал халықаралық Менделеев олимпиадасынан үшінші орын алған соң оны Қазақстан құрамасына қосады. Биыл Кибриянұр Елбасының «Ел мақтанышы» сыйлығын алды. Бұл оқушының дарыны мен еңбексүйгіштігінің тағы бір дәлелі. Ал бір мезгілде әлемнің бірнеше университеттерінен шақырту алуым, күтпеген жағдай дейді талантты оқушы.

Кибриянұр Абдугафарова, 12-сынып оқушысы:

- Әзірге ойланып жүрмін. Олар шешім қабылдауым үшін белгілі бір уақыт берген. Одан да басқа мүмкіндіктер бар. Әрине оңай емес. Кейін өкінбейтіндей таңдау жасауым керек. 

Ерхан Абдулдаев, мектеп директоры:

- Кибриянұр қызымыз өте алғыр, өте озат оқуда. Кіші сыныптан бері оның озат болғанынан хабарымыз бар. Біздің оқуымыз ағылшын тілінде болғандықтан да бала еркін түрде ағылшынша өз пікірін ойын айта алады. Сосын IELTS сынды емтихандарға кіріп, жақсы нәтиже алып жатыр. Соның бәрі жиналған кезде үздік университеттерге түсіп жатыр. 

Кибриянұр сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданады. Алыс қашықтыққа жүгіргенді жаны сүйеді. Марафондарға қатысып, үздік нәтиже де көрсетіп жүр. 

Гүлжан Көленқызы, Ғафу Қыдыр, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы