«Мың бала» ұлттық олимпиадасының соңғы кезеңі өтіп жатыр

Бүгін елімізде «Мың бала» ұлттық олимпиадасының соңғы кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған білім сайысының бұған дейінгі кезеңінде жақсы нәтиже көрсеткен 5 мың бала қатысады. Олар – бесінші және алтыншы сынып оқушылары. Математика, ағылшын, жаратылыстану, қазақ немесе орыс тілі пәндерінен тест тапсырады. Сынақ арнайы тестілеу орталықтарында өтеді. Олимпиада қорытындысы бойынша үздік мың бала анықталады. Ең көп балл жинағандарына елдегі «Білім иновация», «Дарын», Физика-математика лицейі сынды дарынды балаларға арналған республикалық мектепте оқуға мүмкіндік беріледі. «Мың бала» олимпиадасы ерекшелігі сол, оған тек ауылдық жердегі оқушылар қатыса алады.

Айжан Ашабаева, Елбасы Академиясы жобаларының үйлестірушісі:

– Елбасы өзіміз білетіндей әрқашан да ауыл мектептерінің оқушыларына жағдай жасауға барлық мүмкіндік жасап жатыр. Биыл «Мың бала» олимпиадасы екінші рет өтіп жатыр. Бізге тіркеу берген балалардың саны 150 мыңдай. Бұл – барлық 5-6 сынып оқушыларының 50 проценті. Бұл жобаны Елбасы академиясы корпоративтік қоры мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп өткізіп жатыр.