Бүгін елімізде мектеп бітірушілер үшін ҰБТ басталды

Бүгін елімізде мектеп бітірушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл тестілеу әдеттегі уақытынан ерте өтеді. Себебі, карантин талаптарына байланысты оқушылар аз-аздан бірнеше топқа бөлініп емтихан тапсырады. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі басқа да жаңалықтар туралы алматылық арна тілшісі Гүлжан Көленқызы тікелей эфирде айтып бермек.

Диктор:

- Гүлжан, қайырлы таң. Сынақ қалай өтіп жатыр?

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Қайырлы таң! Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушыларды кіргізу таңғы сағат 08:00-де басталды. Қазір, міне, сағат 9. Балалар тапсырманы орындауға кірісті. Биыл карантинге байланысты Алматыда тестілеу тек бір жерде – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтеді. 6 мамырдан 30 маусым аралығында алматылық 11 337 оқушы шешуші сынақ тапсырады. Тестілеу үшін университетте 3 зал жасақталған. Күн сайын 600 оқушы, яғни түске дейін 300, түстен кейін 300 мектеп бітіруші сынақ тапсырады. Олар санитарлық талаптарға сай отырғызылады. Айта кетейік, тестілеу орнында медициналық пункт жұмыс істеуде. Түлектер тестке бетперде киіп, дене қызуын өлшетіп кіреді. Тағы бір жаңалық, тестке ата-аналардың, оқытушылардың келуіне тыйым салынған. Ұлттық бірыңғай тестілеу барысын онлайн-трансляция арқылы көруге болады.

Ия, биыл бітірушілер тестті бірінші рет онлайн тапсырады. Әр оқушыға жеке компьютер берілген. Бітірушілер тест нәтижесін емтихан біте салысымен бірден біле алады. Ал, тесттің мазмұнында өзгеріс жоқ. Бітірушілер бұрынғыша 3 міндетті және 2 таңдау пәнінен сынақ тапсырады.