426,64 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда тағы бір ЖОО лицензиясынан айырылды

  • 189
  • UPD: 16:37, 10.05.2021
Алматыда тағы бір ЖОО лицензиясынан айырылды фото: inform.kz

Білім және ғылым министрлігі Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің лицензиясын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствоға қарасты Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің білім сапасына қатысты шағым келіп түсті. Осыған байланысты жоғары оқу орнында жоспардан тыс тексеру жүргізілді.Оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылау қорытындысы бойынша университет лицензиясын заң бұзушылықтарды жойғанға дейін тоқтату туралы шешім қабылданды.

Жүргізілген бақылау барысында Шет тілдер және іскерлік карьера университеті студенттерінің білімі тексерілді. Білім алушылардың 97%-ы шекті балды еңсере алмады.

«Жоспардан тыс тексеру барысында ЖОО-да сабақтар кесте бойынша өткізілмейтіні анықталды. Білім алушылардың оқу жетістіктерін тексеру нәтижелері ЖОО-дағы білім беру сапасының төмен деңгейін көрсетті. Одан бөлек, оқу орны кадрлар даярлау бойынша жұмыс берушілермен белсенді жұмыс істемейтіні де байқалды. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде академиялық адалдық қағидаттары да сақталмайды. Мәселен, аталған ЖОО студенттерінің курстық жұмыстары өзге адамның еңбегін көшіріп алуды тексеру жүйесінен өтпейді, ал дипломдық жұмыстар бойынша академиялық қағидалар бұзылғаны анықталса да қорғауға жіберілген жағдайлар тіркелді. Жалпы, университет білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзуға жол берген», – деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Еске салайық, былтыр БҒМ тапсырысы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау үшін рейтинг дайындаған болатын. Жұмыс берушілердің пікірінше 10 аутсайдер ЖОО анықталды, олардың қатарында Шет тілдер және іскерлік карьера университеті де болды.

Заңнамаға сәйкес ЖОО лицензиясының күші тоқтатылған жағдайда, студенттер оқу орнында анықталған бұзушылықтардың жойылуын күтпей-ақ, басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады.

Хабар 24 телеарнасы