Еуразия ұлттық университетінде студенттер айтысы өтті

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ең бірінші бақытым...» атты студенттер айтысы өтті. Елдің әр өңірінен келген 10 айтыскер өзара сөз жарыстырып, бақ сынасты. Орамды оймен білім ордасының тарихы мен ұлт мәдениетіне мадақ айтылды. Қазылар елге белгілі Дәулеткерей Кәпұлы, Аманжол Әлтай сынды ақындар.

Cерікзат  Дүйсенғазы, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі:

- Биыл 15-рет өтейін деп тұр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас ақындардың басын қосып, 10 ақын қатысайын деп отыр. Бүгінгі айтыста солардың атынан жүлде беріледі. Мысалы, қоғам қайраткері, профессор Ақселеу Сейдімбек, Нәубәт Қалиев сияқты университетімізде  қызмет істеген танымал ғалымдардың атынан номинация тағайындап отырмыз. Университеттің символы Күлтегіннің атында жүлде бар. Негізгі мақсаты университеттің 25 жылдығын насихаттау. Жеткен жетістіктерін елге көрсету.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және білім ордасының 25 жылдық мерейтойына орай «Біріккен ұлттар жеңеді!» атты II халықаралық бейнематериалдар байқауы да өтті. Байқауға елдегі университеттерден бөлек АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елінің студенттері де қатысты. Бас жүлдені Мичиган штатының университетінде білім алып жатқан студент иемденді. Тағы бір айта кетерлігі, университет қабырғасында екі бірдей зертхана ашылды.

Қайрат Сақ, журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

- «Біріккен ұлт жеңеді» деген бейнематериалдардың халықаралық байқауы. Бұл байқау жылдан жылға ұлғайып келе жатыр. Географиялық аймағы да, қатысушылардың саны да. Бұл байқауға 66 жұмыс келіп түсті. Түрлі номинациялар бойынша беріліп жатыр. Сонымен бірге ынталандыру сыйлықтары. Өзіміздің факультетімізде қызмет еткен Қырықбай Алдаберген, Дүрәлі Дүйсебай деген азаматтарымыздың аттарынан да биыл қосып отырмыз. Бейсен Құранбек, Шерхан Мұртаза атындағы жүлделер бар.