Қазақстандағы білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтіледі

Қазақстандағы білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтіледі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Татарстан астанасында болған қайғылы жағдайдан кейін елдегі білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтілітенін жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы ведомство басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Асхат Аймағамбетов алдымен Қазандағы жағдайға байланысты көңіл айтып, министрлікте осы мәселелер бойынша кеңес өткенін атап өтті. Жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейде қосымша кешенді шаралар қабылдау тапсырылған. Бұл тек бақылау камералары, өткізу режимі, күзет дабылы, дабыл түймелері ғана емес, сонымен қатар түрлі төтенше жағдайларға қызметкерлер мен оқушыларды дайындау.

«Психологиялық қызметтердің жұмысына және қолайлы жағдай жасауға назар аудару керек. Балалар – біз үшін ең қымбат және олардың қауіпсіз болуына бар жағдайды жасаймыз», - деді білім және ғылым министрі.