Парламент депутаты: Білім ордаларының қауіпсіздігі көңіл көншітпейді

Қазан оқиғасы сол мектептегі сабақты тоқтатқанымен, әлем елдеріндегі оқу орындары сабақ алуы тиіс. Бұл туралы толығырақ «ӘЛЕМ» бағдарламасында айтылады.

Аяқ астынан атылған мылтық талай мәселенің шетін шығарды. Жалпы, оқиғаға қатысты ой өрбіткендер де, пікір айтып, сараптама жасағандар да тап қазір мектеп біткен қауіпсіздік мәселесіне терең мән бергені дұрыс деген ұстанымды қолдайды. Өзге мемлекеттер секілді Қазақстан да қанды қырғын себебіне үңілуге тиіс дегендер бар. Бір қарағанда, мектеп біткеннің қорғанысы мықты көрінеді. Есік алдындағы күзет, сыртқы және ішкі бейнебақылау күдікке орын қалдырмайды. Тіпті турникеттер де ішке қару алып өтуді ойлағандарға тұсау секілді. Шын мәнінде бет алып келген қаскөйді ештеңе тежей алмайтыны Қазанда дәлелденді.

Мектептердегі олқылық, күдік түймесі, ең арысы монитордың орналасуына дейінгі кемшіліктер көзге ұрады. Парламент депутаты білім ордаларының қауіпсіздігі көңіл көншітпейді дегенді талқыға өзек етті.

Андрей Линник, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бүгінде көптеген мемлекеттік органдардың ғимараты алынбас қамал сияқты, кез келген агрессивті адамның шабуылына төтеп бере алатын арнайы күзетпен әрі бес метрлік қоршаулармен қамтамасыз етілген. Ал мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің аумағы кез келген адам еркін кіріп жүре беретін аула сияқты. Мектептерді көбіне зейнет жасындағы вахтерлер күзетеді. Егер ниеті жаман адам келсе, егде жастағы күзетші оған қандай қарсылық көрсете алады?

Ал еліміздің Ішкі істер министрлігі оқу орындарының қауіпсіздік жағдайын тексеруді қолға алады. Өкілетті орган мамандары мектептердегі бейнебақылау жүйесін, күдік түймелерінің жұмыс істеу барысын, күзетшілердің қырағылығын байқап көреді.