Петропавлда инклюзивті білім беретін Ресурстық орталық ашылды

Петропавлда №27 жалпы білім беретін мектеп базасынада инклюзивті білім беруге арналған ресурстық орталығы ашылды.

Аталмыш ресурстық орталық білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балалардың жалпы білім беру мектептерінде оқуына тиімді мүмкіндік жасау үшін қажет.

Бұл ресурстық орталық – инклюзия қағидаттарын жүзеге асыруда мұғалімдерге көмек көрсету үшін және білім беруде ерекше қажеттіліктері бар балаларға сыныпта және мектепте кедергісіз орта қалыптастыру үшін құрылған мектеп кеңістігінің бір бөлігі.

Облыстық білім басқармасының деректері бойынша, Петропавлда білім алуында ерекше қажеттіліктері бар 1500-ден астам бала тұрады, оның ішінде 389 бала қала мектептерінде оқиды. Әрине, мұндай балалар мектеп пен оқытушылар құрамы тарапынан ерекше қарым-қатынасты талап ететіні сөзсіз. Атап алғанда әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау, қоршаған ортаға бейімдеу, жеке білім беру бағыттарын құру және кей жағдайларда арнайы мұғалімдердің қолдауы да қажет.

Айта кетейік, бүгінде Петропавлда екі ресурстық орталық, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істеуде. 

«Инклюзивті білім беру – сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған білім беру жүйесіндегі негізгі трансформациялау бағыттарының бірі. Біз осындай ресурстық орталықтар мен түзету кабинеттерін өңірлерде ашудың және оларды қолдаудың қаншалықты маңызды әрі өзекті екенін жақсы түсінеміз. Қазіргі таңда «Дара» қорымен әріптестікте 14 ППТК және 16 инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылды және нәтижесінде бүгінгі күні 10500-ден астам балаға қолдау көрсетілді», – деп атап өтті Samruk-Kazyna Trust қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.