Оқушылардың үйден білім алуын заңдастыру керек – платформа жетекшілері

Оқушылардың үйден білім алуын заңдастыру керек. Арнайы платформа жетекшілері осындай бастама көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия басталғалы елде 3 млн оқушы қашықтан оқыды. Олардың заманға лайық білім алуына «Онлайн мектеп» платформасы негіз болған. Әсіресе, ең шалғай ауылдардағы оқушылар елдегі үздік педагогикалық тәжірибе негізінде тәлім алды. Жобаны әзірлеген мамандар 550 мың интерактивті жаттығу жасап шыққан. Әр сабақ оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға арналған. Оқу жылы басталғалы веб-сайтқа күніне 2 млн оқушы кірген екен. Бұл туралы пандемия сабақтарына араналған конференцияда айтылды. Платформа «Бірге оқы» онлайн-мектебінің негізін қалады. Онда білікті мұғалімдер барлық әріптесіне қолдау көрсетіп, тегін дәрістер оқыған.

Санжар Кенжеханұлы, «Bilimland» компаниясының атқарушы директоры:

- Басқа дамыған елдерде, алысқа бармай-ақ қояйық, қасымыздағы Ресей мемлекетінде үйде оқу заңдастырылған. Бізге осыны заңдастыру керек. Егер мемлекет осыны жасайтын болса, онда біз сияқты платформаларға кәдімгі заңды түрде үйде оқытуға мүмкіндік бере аламыз.