Қостанай облысының 34 ауылында оқушы саны нормадан кем

Қостанай облысында 34 ауыл мектебінде оқушы саны тиісті нормадан кем. Сондықтан  қысқартуға ұшырауы мүмкін. Ал өңірдегі бес бастауыш мектеп биыл мүлдем жабылады. Оның негізгі себептерінің бірі ауылда жастардың тұрақтамауы. Көбі болашағын тек қаламен байланыстырғысы келеді.

Забелов орта мектебі Жітіқара ауданындағы ең ірі ауылдық білім ордасы. Қаладан да алыс емес, аралық небәрі 15 шақырым. Соған қарамастан мұнда бала саны жылдан жылға азайып барады. Биыл мектеп тәмамдаған түлектердің саны небәрі төртеу. 10-сынып мүлдем жоқ. 9-сыныпты аяқтаған он баланың алтауы колледжде білімін жалғастырмақ. Көбінің ойы қалада қалу.

Валентина Павленко, мектеп түлегі:

- Қалада жұмыс істеймін. Себебі ол жақта алдағы қойған мақсатыңды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Қалай болғанда да мен қалада тұрамын.

Кезінде 400-ге жуық оқушы болған мектепте  қазір 125 бала қалған. Келер оқу жылы бұдан да кем болуы ықтимал. 

Ажаркүл Оразбаева, мектеп директоры:

- Миграция бар. Кейбіреулері Ресейге көшіп кетіп жатыр. Жаңағы айтқандай, кейбіреулері 9-сынып бөтен қалаларға барып оқып жатыр. Сондықтан жылдан ылға солай азаяды.

Рас, соңғы бір-екі жылда Забеловта көші-қон біршама тұрақталған. Көрші елді мекендерден қоныс аударуға ниет білдіріп отырғандар да бар екен. Бірақ ауылда қалып жатқан жастар сирек.   

 Мұрат Турабаев, Забелов ауылының әкімі:

- Жалпы мынау базовый ТОО, біздің ТОО жұмыс жоқ. Кейбіреулер вахталық методпен істейді. Сол жалпы көшеді қалаға мынау Қостанайға кетеді, Астанаға. Досуг жоқ балаларға. Оларға шамалы скучно. Сол қалаға кетеді.

Қазір бұл ауылдар оңтүстіктен келер көшке үміт артып отыр.

Айта кетелік, «Еңбек» бағдарламасы бойынша Қостанай облысына оңтүстіктен 700 отбасы қоныс аударған.

Авторлар: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг