Елордада жазғы мектептерде сабақ қалай жүргізілуде?

Елордада жазғы мектептер іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда балалар қашықтан оқу кезінде қалып қойған оқу бағдарламасын немесе терең түсіне алмаған тақырыптарды қайта қарастырып, пысықтайды. Мәжбүрлеу жоқ, білімін шыңдауға шәкірттің өзі ықыласты болуы тиіс.

Жазғы мектепте сабақ қалай жүргізіледі? Санитарлық талаптар сақтала ма?

Елордалық Дастан Темірланұлы биыл 6-сыныпты аяқтады. Пандемияға байланысты сабақтың басым бөлігін үйде отырып қашықтан оқыған. Мұғалімі мен сыныптастарын сағынып, мектептің ашылуын асыға күткен.

Дастан Темірланұлы, Нұр-Сұлтан қаласы №73 физика-техникалық лицейдің оқушысы:

– Қашықтан оқуда мұғалімге маған түсіндіріңізші деп айтуға қорқасың. Ал қазір мұғалімге айтасың, маған үйретеді, есепті шығарамын.

Биыл жазғы мектепке келушілердің қарасы қалың. Өйткені қашықтан оқу кезінде көбінің үлгерімі төмендеп кеткен. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып көбі білімін толықтыруға ниетті. Ұстаздар да баланың демалыс уақытын алмай, маңызды сабақтарды мейлінше жылдам оқытуға тырысады.

Ләззат Қайыржанова, Нұр-Сұлтан қаласы №73 физика-техникалық лицейдің орыс тілі пәнінің мұғалімі:

– Қашықтан оқыту кезінде баланың сабақты қаншалықты меңгергенін біле алмайсың. Ал сынып ішінде болса, оның көзқарасынан-ақ аңғаруға болады. Қазір оффлайн сабақ беру кезінде шын мәнінде өз жұмысымыздан ләззат алып жүріміз.

Жазғы мектеп бес пен оныншы сынып оқушыларына арналған. Қазірдің өзінде 13 топ құралыпты. Карантин талаптарын сақтау үшін бір сыныпта 15 баладан артық отырмайды.

Гүлмира Мұқан, Нұр-Сұлтан қаласы №73 физика-техникалық лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Жазғы мектеп 19 маусымға дейін жалғасады. Оқушылар сол аралықта толық келіп, соңына дейін қатысады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде балалар толық қатысып отыр. Жазғы мектеп тегін ұйымдастырылған. Сондықтан да мұғалімдердің демалыстары жылжытып, біз 1 маусымнан шықпай, оларды 19-ынан кейін шығарамыз.

Әзірге келер оқу жылы қай форматта өтетіні белгісіз. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, мектептердің жұмысы педагогтардың коронавирусқа қарсы вакцинаны егу көрсетікішіне байланысты шешіледі.

Авторлар: Талғатбек Әбдіқожа, Динара Абдирова, Ерлан Наурызбаев