Павлодарлық ғалымдар сынаппен ластанған жерді тазартуды үйренуде

Павлодар ғалымдары сынаппен ластанған жерлерді бейтараптандыру технологиясын сынақтан өткізіп жатыр. Зерттеу жұмыстарына жапондық препарат қолданылады. Ол сынап қосылысын молекулалық деңгейде байлап, жылжымайтын күйге айналдырады. Нәтижесінде құрамы өзгерген улы металл тірі ағзаға зиянын тигізбейді. Ең бастысы сынаптан арылған топырақ құнары сол күйінде сақталатын көрінеді.

Жапон ғалымдарының соңғы ғылыми жетістігі бұл. Ашық сұр түсті ұнтақ бүгінде сынапты сырғытпай тастайтын әлемдегі жалғыз препарат көрінеді. Жапонияда жаңашылдық ауыл шаруашылығы саласында оның ішінде күріш алқаптарында кеңінен қолданылады екен. 

Ақан Өмірбек, экологиялық сарапшы:

- Біздің жұмысымыздың мақсаты аталған технологияның мүмкіндіктерін зерттеуге бағытталған. Ұнтақтың топырақ қабатындағы сынапты бейтараптандыру қасиетін де анықтаймыз. 

Қазақстанға, дәлірек айтсақ Павлодарға препарат пандемияға дейін әкелінген. Айта кететін жәйт, Жапониядан тыс жерге алғаш рет шығарылып отыр. Ақан Өмірбек жоба авторларымен кездесіп, жеке зерттеу жүргізу үшін оның азғантай бөлігін аттай қалап сұрап алғанын айтады. Сынақтан өткізуге бұрынғы химиялық зауыттың өндірістік қалдықтары жиналған алаң таңдалған. Нәтижесі де таңқаларлық. Қазір сынапты бейтараптандыру әдісі үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Ақан Өмірбек, экологиялық сарапшы:

- Біз дәл осындай көлемде және осындай позицияда тәжірибеміздің екінші кезеңін өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол сынақты қайталауға және материал алуға қажет. 

Зерттеудің екінші кезеңін жүргізу қаржыға келіп тіреледі. Экологиялық тиімділігін ескерсек, тиісті 5 миллион теңге көп те емес дейді ғалымдар. Есесіне жаңа препарат сынаппен ластанған аумақты тазартуға септігін тигізеді. 

Александр Свидерский, химия ғылымдарының докторы:

- Зертханалық тәжірибе мен табиғи ортада жасалған тәжірибеде айырмашылық бар. Сондықтан мұндай сынақтарды табиғатта өткізудің маңызы зор деп ойлаймын. Егер даладағы сынақ зертханадағы сынақтай нәтиже беретін болса, жоғары тиімділігін көрсеткені. 

Былқылдақ көлі мен оның маңайы Қазақстанда сынаппен ластанған екінші орын саналады. Өйткені ондаған жылдар бойы химиялық зауыттың қалдықтары төгіліп келген. Кезінде мамандар бұл су қоймасын экологиялық апатты аймаққа жатқызған еді.

Бауыржан Дүйсеналин, химия ғылымдарының кандидаты:

- Біз алдымен топырақты тазартуға тырысамыз. Сынап жайылмайтындай етіп байланады. Оның зияны болмайды және жер қабатында жата береді. Одан кейін ауа мен суды тазартуға көшеміз. 

Ғалымдар «жаңа препарат топырақтың өсімдік қабатын сақтауға мүмкіндік береді» деп отыр. Ол үшін жерді жыртып, ұнтақты сепсе жеткілікті екен. Зиянды қалдықтармен ластанған аумақ қалпына келтірілсе көл суын шаруашылық мақсатқа жаратуға болады. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат