ҚР БҒМ: Білім несиесіне жылдық мөлшерлеме 3-4% деңгейіне жеткізіледі

Баланың болашақта білім алуына деп қазақстандықтардың құйған инвестициясы 22 млрд теңге, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ақыл» мемлекеттік жобасының аясында елдегі төрт бірдей банкте 16 мың депозит ашылған. Білім және ғылым министрлігі жанындағы қаржы орталығы акционерлік қоғамының басшысы Асқар Ибраимовтың айтуынша, мемлекет және банктің жылдық мөлшерлемесін қоса алғанда мұндағы үстемеақы 15-16%-ті құрайды. Бұл да білім саласындағы кепілді әлеуметтік қолдаудың бірі. Бағдарлама бойынша жиылған қаржы сақтандырылған, әрі түрлі санкциялар мен тәркілеуден қорғалған. Сонымен қатар оқу ақысын өтеуге арналған кепілдендірілген несиені он жылда өтеу қарастырылған. Әзірге бұл несиенің үстінен қосып төлейтін ақы 20 %-тен артылады. Алайда алдағы уақытта оны да төмендету жоспарда бар.

Асқар Ибраимов, ҚР БЖҒМ «ҚАржы орталығы» АҚ президенті:

- Алдағы жоспар бойынша білім алуды несиелендіру шартын жетілдіру қарастырылған. Білім министрінің өзі осындай бастама көтеріп отыр. Атап айтқанда, жылдық мөлшерлемесін төмендету қажет. Бұл ретте заң жүзінде бірқатар нормалар қабылданды. Қысқа және орта мерзімдік межеміз бойынша білім несиесіне жылдық мөлшерлеме 3-4% деңгейіне жеткізіледі.