Павлодарлық студенттер оқушыларға роботты техниканың қыр-сырын үйретуде

Павлодарда мектеп оқушыларының бос уақытын пайдалы іске бағыттауға студенттер атсалысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар роботты техниканың қыр-сырын үйретеді. Жасөспірімдердің ой-өрісін дамытуда Американың оқу жүйесінде кеңінен танымал STEM бағдарламасы қолданылады. Павлодарда осы жоба бойынша білімін жетілдірген педагогтар құрамы жасақталған.

Жазғы демалыстарын жоғары оқу орнының қабырғасында өткізіп жатқан оқушылар үшін бәрі қызық. Жаңа технологияларды меңгеруге студенттер көмектеседі. Роботты техниканы танып білу үшін олар арнайы дайындықтан өткен.

Үшінші курс студенті Аяулы Төлегенова: «оқушылар қабілеттеріне қарай физика, математика бағытында есепті тез шешу жолдарын үйренеді», дейді. Өнертабыс ашуда, тіпті тіл үйренуде де роботты техниканың көмегі зор екен.

Аяулым Төлегенова, студент:

- Бізді алдын ала оқытты. Қазіргі таңда біз балаларға көмек жасадық. Өйткені осы тапсырманы орындау бағытында әртүрлі өзінің қасиеттеріне байланысты жасайды. Мысалы біреу физика бағытында, біреу химия бағытында. Мұнда бірлік пен достықтың арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Мұнда балалар үш тілді үйренетін болады. Яғни, ағылшын тілін жетік меңгеретін болады.

Роботты техниканы STEM оқу бағдарламасының бір тарауы ретінде барлық мектептерде оқытады. Бірақ оқушылар роботтарға бағдарлама құру керектігін мүлде білмейтін.

Ева Головинцева, Павлодар қаласы № 17 ЖОБ мектебінің оқушысы:

- Жаңашылдықтармен білімімізді толықтырдық. Мысалы мен бұған дейін роботқа кодты қалай жазу керек екенін түсінбейтінмін. Қазір одан хабарым бар деп толық айта аламын.

Американдық жоба роботты технологияны жаңа бағытта дамытуды көздейді. Павлодар өндірісті өлке. Сондықтан өз ісін жетік білетін кәсіби білікті мамандарға сұраныс өте жоғары. Сол үшін де балалар роботты техниканы жүйелі түрде оқып үйренуі тиіс.

Анастасия Алиясова, ректор:

- Үздік тәжірибеге түйіндеме құрылады. Қыркүйектің бірінен бастап Павлодар қаласының мұғалімдері оқушыларды жаңа әдістемелер бойынша оқытуға кірісе алады. Белгілі бір өнімге қол жеткізу үшін шашыраңқы тәртіптен арылып, өзара байланыс орнатудың маңызы зор.

Университетте 100 мұғалім STEM тәсілін меңгерді. Енді олардың алдында оқушыларды оқытуда бірыңғай жүйені қалыптастыру міндеті тұр. Атқарылған жұмысты оқу үрдісіне енгізу үшін облыстық білім беру басқармасымен келісім жасалды. Облыс мектептерін қамтып, жұмыс көлемін кеңейту үшін оқу ордасында STEM-хаб іске қосылады.

Авторлары: Қ.Қасиетова, С.Оспанов, М.Игликов