Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытуда артта қалған оқушыларға қолдау көрсетуді сұрады

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пандемия кезінде оқу бағдарламасынан қалып қойған оқушыларға қолдау көрсетуді сұрады.

«Қымбатты әріптесім! Міне, баршамыз үшін қиын әрі ерекше болған оқу жылы да өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы аянбай қызмет еткен әр мұғалімнің ерен еңбегімен және ерлігімен есімізде қалары сөзсіз. Мектептерге мүлдем жаңа оқыту әдістеріне көшу оңайға соқпағанын бәрі бірдей түсіне бермейді. Өкінішке орай, біз дәстүрлі оқыту форматына толықтай көше алмадық. Пандемияның салдары білім беру жүйесіне әлі де әсер ететіні анық», - деп жазды министр Facebook желісінде.

Білім министрі мұғалімдердің барлық қиындық пен сын-тегеуріндерге қарамастан, сабақты ұтымды ұйымдастырып, мүмкіндігінше жақсы нәтиже көрсете алғанын атап өтті.

«Сіздер ұстаз мамандығының сезімталдық, балаларға деген қамқорлық және адамгершілік сынды ең жақсы қасиеттерін танытудың жарқын үлгісіне айналдыңыздар. Алайда, жұмсалған күш-жігерге қарамастан, қашықтан оқыту кезінде әртүрлі себептерге байланысты артта қалған балалардың білімі мен басқа оқушылардың білім деңгейін салыстырғанда алшақтық байқалады. Бұл жағдайдың орын алғанына балалар кінәлі ме? Әрине, балалардың еш кінәсі жоқ. Олар дәстүрлі форматта білім алса, сіздің қолдауыңызды сезініп, өздерін көрсете алар еді деп сенемін. Оларға бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін мүмкіндік беруіміз керек пе? Әлбетте. Мен, сіздің әріптесіңіз ретінде, мамандығымызға тән қасиет – ізгілікке ұмтылып, шәкірттеріңізге көмек қолын созуыңызды сұраймын», - деді Аймағамбетов.

Министр пандемияда оқу бағдарламасынан қалып қойған оқушылармен жұмыс істеудің оңай еместігін жазды.

«Оқушылардың білімі бойынша артта қалуы олардың мүмкіндіктері сондай деген сөз емес. Білім берудегі олқылықтарды қиын жағдай мен оқушыларды жігерлендіру деңгейінің жеткіліксіздігімен сипаттауға болады. Мұндай балалар қазір барлық назарымызды қажет етеді. Олардың әлеуеті зор. Сондықтан балаларымызға қолдау көрсетуіміз керек. Бүлдіршіндерімізді өз қамқорлығыңызға алып, қиындықтарға қарамастан олқылықтардың орнын қосымша сабақтар өткізу арқылы толтырасыздар деп үміттенемін. Менің бұл өтінішімді қабыл алуыңызды сұраймын», - дейді Асхат Аймағамбетов. Сонымен бірге ведомство басшысы мұғалімдерді жазғы мектептердің жұмысына 26 мамыр - 20 маусым аралығында белсене қатысуға шақырды. «Осы жылы соңғы қоңырау мерекесінде ерекше сезімге бөленгеніңізді білемін. Өйткені, бір жағынан оқу жылы аяқталып жатса, екінші жағынан - жазғы мектептер жұмыс істей бастады. Біз мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қашықтан білім беруде әріптестерім әлеуметтік желілерді белсенді әрі еркін меңгере бастап, өз сабақтарына ойын элементтерін енгізе бастағанын ерекше атап өткім келеді. Біз, әрине, осындай кәсіпқой мамандарымызды үнемі қолдап, оларды басқалар үшін үлгі етеміз. Бұл үрдіс ұмытылмай, керісінше, одан да үлкен әсерге ие болады деп үміттенемін», - деді жазбасында Асхат Аймағамбетов.