Түркістанда онлайн форматта халықаралық білім форумы өтті

Орта Азия елдері жоғары оқу орындарының қауымдастығын құру жоспарланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бастаманы Түркістанда онлайн форматта өткен халықаралық форумда еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов көтерді. Оның пікірінше, бұл білім беру саясатын дамытуға жаңа серпін береді. 5 елдің білім министрлері қатысқан кездесуде бірнеше маңызды мәселелер талқыланды. Мәселен, Орталық Азия университеттерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мамандар даярлау деңгейін көтеру сынды түрлі тақырыптар күн тәртібіне қойылды.

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ департамент директорының орынбасары:

- Біздің білім министріміз сапаны қамтамасыз ету желісінің қауымдастығын құру бойынша бірнеше бастама көтерді. Онда Орталық Азияның барлық елдерін аккредиттеу агенттіктері сапаны қамтамасыз ету бойынша бірыңғай Орталық Азия агенттігін құра алады.