А.Көлгінов: Елордалық оқушылар ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана мектепке оралады

Елордалық оқушылар ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана мектепке оралады.

Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол қалыпты өмірге тек вакциналау арқылы жететінімізді еске салды. Тұрғындарды жалған ақпараттарға сенбей, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға шақырды.

Айта кетейік, қазір бас қала «қызыл аймақта». Кейінгі бір тәулікте 215 ковид жұқтыру дерегі тіркелген.

Сархат Бейсенова, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттің директоры:

- Балаларға қарағанда үлкендер қауіпті дертке жиі шалдығады. Бірақ соңғы аптада кішкентайлар да көп ауырады. Жалпы ковид жұқтырғандар арасында балалардың үлесіне 18,1%-і тиесілі. Арасында 2 жасқа дейінгі бөбектер де бар.

Мамандардың айтуынша, жағдай тұрақталмайынша, вакциналау қарқынын төмендетпеу керек. Қазір екпе салам деушілер тағы азайған. Қалада вакцинаның екі бірдей компонентін алғандар саны бар болғаны 130 мың адам. Бұл ұжымдық иммунитет тек 21%-ке қалыптасты деген сөз. Өткен мамыр айында жағдай қалыпты еді. Себебі, вакциналау қарқынды жүргізілді. Денсаулық сақтау министрлігі балалар мен егде жастағы кісілерге екпе салу мәселесі әзірге қарастырылмайтынын айтты. Себебі, коронавирусқа қарсы препарат олардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.