Қызылордада «Серіктес директорлар» лигасы құрылды

Қызылордада өткен жылы құрылған «Серіктес директорлар» лигасына мүше мектеп директорларының саммиті өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«re-Start: Жаңа әлемдегі жаңа мен» атауында өткен шарада «Директордың 10 қателігі», «Директордың өзіндік дамуындағы жылдық жоспар модулі», «Көшбасшыдағы эмоциональды интеллект», «Педагогпен диалог» тақырыбында қызу пікірталас ұйымдастырылды. Лиганы құрудағы мақсат – директорлар арасында бәсекені қалыптастыру, басшылардың өзара байланыс және менеджмендтік қасиеттерін дамыту.

Педагогтар лигасына облыс орталығынан бөлек ауыл мектептерінің 30-ға жуық директоры енгізілген. Бүгінде 22 бағыт айқындалып, әр ұйым өзіндік жобаларды дамыту ісін қолға алды. Мәселен №101 мектепте экологиялық 7 жобаға көңіл бөліп отыр. Балалар жылыжай кешені ішінде бірнеше өнім өндіреді. Сондай-ақ оқушылар қатты қалдықтарды кәдеге жарата отырып биоотын әзірлеуге көшті.

Айгүл Өткелбаева, №101 мектеп-лицей директоры:

- Осы 7 бағыттың ішінде суды үнемдеу, энергияны үнемдеу, жел, күн генераторы қойылып, сол бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қала, облыс көлемінде жасыл мектеп жобасын жүзеге асырсақ, енді ауданнан бір мектепті қосып әріп қарай дамытып жұмыс жүргіземіз деп отырмыз.

Одан бөлек, №261 мектепте оқушылар қолөнер жәрмеңкесін ұйымдастырып, түскен қаржыға қайырымдылық өткізіп келеді. Сонымен қатар білім ошағында әкелер және әжелер академиясы ашылған. Ал №278 мектеп болса бизнес тәсілдерін үйрететін «Кәсіпкерлік мектебі» атанбақ. Сондай-ақ №3 мектепте «ІТ Digital» студиясы ашылып, балалар телевидение арқылы жаңалық таратуға мүкіндік алады. Нәтижесінде әрбір білім ошағы өздерінде жүзеге асқан үздік тәжірибені ауылдық мектептерге таратуы тиіс.

Ақзира Қасымова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- БҒМ-ның 3 жобасы бар. Яғни ол: өзін өзі басқару, дебат қозғалысы, оқуға құштар мектеп жобасы. Бұл 3 жоба да осы 22 жобаның ішінде нақты қойылған. Жобалар барлық мектептерге таратылып, бір жүйемен жүріп, өз нәтижесін беруде. Яғни, бұл балалардың жан-жақты дамуына үлкен әсерін тигізіп жатыр.

«Серіктес директорлар» жыл ішінде TEDx алаңында кездесіп, «ПедEXPO-2021», «Мұғалім арасындағы матрицалар мен анықтауыштар» секілді жаңа кейстер бойынша білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ лигалықтар үздік 30 кітапқа 30 бейнеролик түсіріп үлгерді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Сондай-ақ...