Ақмола облысында 11 колледж заманауи техникамен жабдықталады

Ақмола облысында 11 колледж заманауи жаңа техникамен жабдықталады. Қазір жартысынан астамы тың технологиялармен жұмыс істейді. Бұл техникалық мамандықтарда оқып жатқан студенттердің практикалық сабақтары үшін қажетті қондырғылар мен құрылғылар. Аталған жұмыстар Елбасының «Жас маман» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Бурабай ауданының орталығындағы жоғарғы техникалық колледждің 3-курсын тәмамдап жатқан Кристина Мец 17 ұлдың ішіндегі жалғыз қыз. Ол мұнда электро-механик мамандығын меңгеріп жүр. 

Кристина Мец, Щучинск жоғары техникалық колледжінің студенті:

- Маған бұл мамандық өте қатты ұнайды. Бізде 4-курста өндірістік практика болады. Мен оны Степногорск жылу электр станциясында өткім келеді. Яғни сондай ірі кәсіпорында тәжірибе жинасам деймін.

Ал аталған колледжге 197 млн теңгенің жаңа қондырғылары сатып алынған. Оның игілігін қазір 300-ге жуық студент көріп отыр. Мәселен, «тамақтануды ұйымдастыру» мамандығында оқитын шәкірттер су жаңа пештер мен қамыр илейтін заманауи қондырғылармен жұмыс істейді.

Дарья Малкова, Щучинск жоғары техникалық колледжінің студенті:

- Бұрын мұнда осындай соңғы үлгідегі техникалар болмаған еді. Ал қазір бізге өте қолайлы. Яғни өндірістегі қондырғылардың бәрі осында бар. Оқу бітіріп, мейрамхана немесе басқа да жерлерге жұмысқа тұрғанда қиналмайтын боламыз. 

Бір ғасырдан астам тарихы бар Бурабайдағы орман шаруашылығы, экология және туризм колледжі де биыл «Жас маман» жобасының шарапатын көреді. 245 млн теңгеге алынған жаңа қондырғылардың алды білім ошағына келіп те үлгірген. «Ландшафтты дизайн» және «Мехатроника» мамандығында оқитын студенттер енді европалық үлгідегі тың техниканы пайдаланады.

Азамат Қожақов, колледж директорының міндетін атқарушы:

- Арнайы тахеометр алынды. Ол тахеометр негізі өте жаңа. Қазір ол тахеометр балаларға жақсы мүмкіндік береді. Ертең өндіріске барғанда жаңа тахеометрлермен жұмыс жасап, өндірісте қажетті болады. 

Ал 2025 жылға дейін халықаралық стандарттарды енгізу нәтижесінде облыстың 11 колледжі «WorldSkills» талаптарына сәйкес келетін оның салалық орталықтарына айналады. Яғни студенттер әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жаңа технологиялардың көмегімен білім алады.

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный