ҚР БҒМ әліппенің оқулық әдістемесін жаңа оқу жылында ұсынуға дайын

Әліппе оралды. 5 жылдан соң мектеп оқушылары әліппемен қайта қауышатын болды.

Білім және ғылым министрлігі оқулық әдістемесін жаңа оқу жылында ұсынуға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдар кітапты саралап, әліппенің нақты нұсқасын белгіледі.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Міне, бұл «Әліппенің» соңғы нұсқасы. Бұрынғыдан ерекшелігі жаңа заманауи технология мен әдістемелік көзқарас қатар қабысып тұр. QR кодтар енгізіліп, балаға әріп пен сөзді дыбыс арқылы да жеткізуге мүмкіндік бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту» әдістемесі негізінде дайындалған. Білім мазмұнын сараптау орталығының мамандары мен ғалымдар сан түрлі нұсқаның ішінен бір әліппені сүзгіден әбден өткіздік деп отыр.

Елдос Нұрланов, ҚР БҒМ Білім мазмұнын сараптау орталығының жетекшісі:

- Бес баспадан әліппенің нұсқалары түсті. Олар жаңа дайындалған оқу бағдарламасына сәйкес әзірленді. Бұл бағдарламада әліппенің әріпке дейінгі, әріптен кейінгі ұлы ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әдістемесіне негізделген. Оңайдан қиынға бағытталғанын, яғни, дыбыс, әріп, буын одан кейін сөз, сөйлем құрауға біздің бүлдіршіндер үйренетін болады.

Қазір «Балаңызды мектепке дайындаймыз», «Балаңыз хат танысын» деген хабарландырудан көз сүрінеді. Мұндай жарнаманы кез келген жерден көресің. Ондай орталыққа бара қалсаң болды, әліпбиді жаттатып, балаңыз тақылдап шығады. Тек бағасын әркімнің қалтасы көтере бермейді. Әліппенің енгізілетінін естімеген ата-ана баласын мектепке дайындаймыз деп, осындай орталыққа сүйреп әлек.

Элмира Садықова, қала тұрғыны:

- Оқымай, бір әріп танымай келдік. Қазір 42 әріптің бәрін біледі. Дұрыс таңдау жасадық деп ойлаймын. Мектепке барғанда қызым толық дайын болады. Қызым әріп таниды. Өзін ұстайды, біледі. Апаймен қалай сөйлесу керектігін біледі.

Мамандардың айтуынша, жаңа бағдарлама бұрынғыдан едәуір жеңілдеген. Мұнда балалардың бірінші қаріп тануына көңіл бөлінеді. Сондықтан әліппемен мектепте танысқаны жөн. Алайда, ұстаздар «бүлдіршіннің мектепке тап-тұйнақтай дайын болып баруы керек», - дейді.

Дидарай Әлиева, мұғалім:

- Бала бірден мектепке барса, мектеп бағдарламасын бірден игеріп кете алмайды. Мектептегі қарапайым тәртіптерге үйренем дегенше мектеп бағдарламасы өтіп кетеді. Сол себепті осындай дамыту орталықтарында бірінші бала мұғалімнің кім екенін біліп, сабақты қалай айту, қолды көтеріп айту керектігін үйреніп барған кезде ол мектеп бағдарламасын еркін алып кете алады.

Былтыр қашықтан оқытуға қарамастан, әліппе еліміздің 65 мектебінде пилоттық жоба ретінде өткізілді. Оқулық, сынақтан сүрінбей өткендіктен арнайы комиссияға 5 баспа өз нұсқасын ұсынды. Талапқа сай деген баспа таңдалып, қазір кітаптарды басуға кірісіп кеткен. Оқулықтар тамыздың ортасына дейін дайындалып, мектептерге жіберіледі. Айта кетейік, бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасымен танысса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Жарқын Мырзахан, Аят Дүйсенбай