ҚР БҒМ кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу қағидаларын әзірлейді

Қазақстанда білім беру нысандары бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз етілген. Оларды белгіленген стандарттарға сәйкес келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды primeminister.kz

Асхат Аймағамбетов атап өткендей, қауіпсізддікті одан әрі қамтамасыз ету мақсатында министрліктің алдында жедел шешуді талап ететін міндеттер тұр:

барлық бейнебақылау камерасын бекітілген талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру;

қала мектептерін арнайы күзетпен қамтамасыз ету;

білім беру ұйымдарын «дабыл түймелерімен» 100% қамтамасыз ету;

педагогтерге және оқушылырға төтенше жағдайлар мен террористік қауіп төнген жағдайда қабылданатын шаралар мен алгоритмдерді әзірлеу және енгізу;

психологиялық қызметтердің рөлі мен жалпы тәрбие жұмысын күшейту.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта мектептер 100% бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген, олардың 55%-і стандарттарға сәйкес келеді.

Екіншіден, білім беру ұйымдарында «дабыл түймелерін» орнату жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда олардың саны 648 (9,3%). Проблеманы шешу үшін жергілікті бюджеттен 980 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Мамандандырылған күзет қызметі қала мектептерінің 38% (680) енгізілген. Осы мақсаттарға жергілікті атқарушы органдардан 828 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ БҒМ басшысының мәліметінше, балалардың қауіпсіздігі мектеп пен үй арасында тегін тасымалдауды ұйымдастыру арқылы да қамтамасыз етіледі.

«Республикада 21 мыңнан астам оқушы тасымалдау ұйымдастыруды қажет етеді. Олар үшін 758 автокөлік жұмыс істейді. Соңғы үш жылда автобус паркі 203 бірлікке жаңартылды. Бүгінгі таңда автокөлік сатып алу қажеттілігі 515 бірлікті құрайды», – деді А.Аймағамбетов.

Сонымен қатар 7652 педагог-психолог күн сайын қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетеді.

2019 жылдан бастап психолог-педагог мамандардың жалақысы көбейді. Ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда оларға базалық лауазымдық жалақының 30%-тен 50%-ке дейін қосымша ақы төленеді.

«Оқушыларды психологиялық қолдаудың тиімділігін арттыру үшін педагог-психологтардың санын арттыру жоспарлануда. Министрлік үлгілік штаттар мен лауазымдар тізбесіне өзгерістер енгізіп жатыр. Осылайша, педагог-психологтардың жүктемесі білім алушылардың санына байланысты белгіленеді», – деді А.Аймағамбетов.

Сонымен қатар министрлік психологиялық қызметтерге бірыңғай талаптар мен кәмелетке толмағандар арасында буллингтің (кибербуллингтің) алдын алу қағидаларын әзірлеуде. Сондай-ақ мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматын енгізу жоспарланып отыр.