Түркістан облысында мектептердегі қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

Түркістан облысының мектептерін жаңа бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету үшін 2,5 миллиард теңге қажет.

Бұл туралы өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Оның айтуынша, аз уақытта мұндай қаражатты тауып беру қиынға түспек. Сол себепті, әзірге жергілікті білім ордаларындағы ескі камераларды жедел басқару орталығына қосу жоспарланып отыр. Ал, 2025 жылға дейін бұл техниканы толық жаңарту көзделген. Ішкі істер министрлігі оқу жылы басталмас бұрын ел мектептерінде тексеріс жүргізіп, білім ордаларының 45%-і тиісті талаптарға сай келмейтінін анықтады. Олардың 38%-і ғана арнайы күзет мамандарымен келісімшарт жасаған. Ал жедел басқару орталығының жүйесіне тек 1085 мектеп қана қосылған. Дабыл түймелері де барлық ғимаратта орнатылмаған. Әкімдіктер бұл түйіткілдерді қыркүйектің біріне дейін шешіп үлгеруі тиіс. Айта кетейік, келешекте мұндай талаптар балабақша, колледждер мен университеттерге де қойылады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Оқу орындарын мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету, турникеттер, дабыл түймелері мен камералар орнату жұмыстары жеткіліксіз деңгейде ұйымдастырылған. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын айтарлықтай жандандыру қажет. Білім министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 10 шілдеге дейін білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітсін. Оқу орындарында терроризмге қарсы оқу-жаттығуларды тұрақты негізде өткізсін.