Ұстаздар жалған құжат жасатып, үстемақы алып отырған

Шымкенттік ұстаздар біліктілігін арттыру үшін жалған аттестация жасатып, сертификатты сатып алды деген күдікке ілінді.

Өңірдегі 348 мұғалім 2018-2019 жылдары жеңіл жолды таңдап, өз санатын жоғарылатқан. Мемлекеттен төленетін үстемақыны да алып отырған. Өзге ұстаздар әріптестерінің бұл ісін құқық қорғау органдарына жеткізді. Кейін қаржы полициясының мамандары тестілеуден өткендердің тізімін жасақтап, Республикалық тест орталығына жүгінген. Қаладағы жалпы 64 мектептің көптеген қызметкері тестке келмегені белгілі болды. Кейбірі сынақтан сүрінген. Олар жалған мөр басылған құжат сатып алған. Мұғалімдердің 80%-ы екі жылдың ішінде алған үстемақыларын бюджетке қайтарып үлгеріпті. Енді қайтадан тест тапсырады. Ал сертификатты сатып, жеңіл жолды кәсіп еткен пысықайдың ісі сотта қаралып жатыр.

Жанат Тәжиева, қалалық Білім басқармасының басшысы:

– Мұғалімдердің жалған аттестациясына қатысты қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, алаяқтық үшін сот процесі жүріп жатыр.