ҰБТ кезіндегі видеожазбалар 25 тамызға дейін тексеріледі

Биыл ҰБТ тапсырған 57 мыңнан аса түлек шекті балл жинай алмаған. Ал тестілеу ережелерін бұзған 1305 адамның ҰБТ нәтижелері жойылды.

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері хабарлады. Биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі әр түлек грантқа өту үшін екі рет тест тапсыру мүмкіндігін алды. Сондай-ақ талапкерлерді тексеру үш кезеңнен тұрды. Алғашқысы «Face ID» жүйесі, екінші жеке төлқұжатты тексеру және тестілеу орнына келген кезде оның тұлғасын қайта растау. «Face ID» жүйесі арқылы өзінің орнына басқа адамды жіберген елордалық төрт талапкердің құйтырқы әрекеті әшкереленді. ҰБТ кезіндегі бейнежазбалар биыл 25 тамызға дейін тексеріледі. Егер де тыйым салынған заттар анықталса, түлектердің нәтижелері жойылады. Грантқа құжаттар қабылдау 13 шілдеден басталады.

Наужан Дидарбекова, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының м. а.:

- Жалпы ҰБТ-ға 145 288 талапкер қатысты. Оның 109 693-і қазақ тілінде, 35 245-і орыс тілінде, 350-і ағылшын тілінде тестілеу тапсырды. Жалпы ҰБТ орташа баллы 2021 жылы 69,8 құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 балға артып отыр. Шекті балды тестіленушілердің 60 проценттен астамы жинады.