Жеті мыңнан астам студент БҒМ көмегімен білім беру несиесін алды

7 287 қазақстандық студент ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ көмегімен білім беру несиелерін алды.

Ұйым несиелер бойынша кепілдік береді. Нәтижесінде талапкерлер мен студенттер негізгі қарыз сомасын төлеу мерзімін 10 жылға дейін ұзартып, несие ала алады, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Бағдарлама мемлекеттік білім грантын ұтып алмаған талапкерлер мен студенттерді қолдауға арналған. Естеріңізге сала кетейік, биыл гранттардың саны 5 мыңға артып, бакалавриатқа 56 мың, магистратураға 13 мыңнан астам және докторантураға түсу үшін 1800-ден астам орынды құрады.

Мемлекеттік білім грантын ұтып алмаған талапкерлер мемлекет кепілдігімен несие рәсімдеу арқылы оқу ақысын төлей алады. Білім алу үшін қаражатты қазақстандық жоғары оқу орындарының кез келгеніне жіберуге болады.

«Білім несиесін алған студент оқуын аяқтағаннан кейін 6 айдан соң негізгі қарыз сомасын өтей бастайды. Несие сомасы шектелмеген, ең бастысы, ол оқу құнынан аспауы тиіс. Сондай-ақ түлек айыппұл санкциясынсыз қарызды мерзімінен бұрын төлей алады», – деп Білім және ғылым министрлігінде хабарлады.

Несиені екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеуге болады. Талапкер білім беру несиесін алу үшін серіктес қарыз алушыны ұсынуы қажет. Ол банкке жұмыс орнынан соңғы 6 айдағы кірістері мен зейнетақы аударымдары туралы анықтамаларды тапсыруы тиіс.

Сонымен қатар серіктес банктердің әрқайсысы қарыз алушыға қойылатын талаптар мен оқу ақысын төлеуге несие беру шарттары көрсетілген жеке бағдарлама әзірлеген. 

Банктің оң шешімінен кейін банк қарыз шартын жасап, кредит сомасы оқу орнының шотына аударылады.