Қазақ ұлттық университетінің қоры сирек кездесетін көне шығармалармен толықты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасы сирек кездесетін көне шығармалармен толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құнды жәдігерлердің барлығын Дүйсенбековтар отбасы тапсырды. Олардың ішінде 1324 жылы Мысырда басылып шыққан Құран Кәрім бар. Пәкістан, Үндістан, Түркия және Қазан баспаларының әдеби, тарихи, діни кітаптары мен қолжазбалары да кітапханаға табысталды. Қазір университет ғалымдарынан жұмыс тобы құрылды. Мамандар осы еңбектерді зерттеп, нәтижесін оқырманға жариялайды.

Бақытжан Дүйсенбеков ғалым атасы жинаған кітаптарды ұзақ жылдар бойы үйінде сақтап келген. Өте сирек кездесетін жәдігерлер араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған. Кітаптар әдебиет, дін, тарих, тіл, география тақырыбын қамтиды. Бұл еңбектердің арасында Орталық Азияда ғана емес, әлемге танымал болған құнды кітаптар бар. Оларды Дүйсенбек Қабыланбайұлы деген азамат жинаған. Өзі 1969 жылы дүниеден озған. 300-ге жуық көне кітапты ағартушының ұрпақтары оқу орнына табыстау туралы шешім қабылдапты.

Бақытжан Дүйсенбеков, биология ғылымдарының кандидаты:

- Дүйсенбековтер әулеті осы кітаптарды зерттеуге, атамыздың еңбек жолын зерттеуге шығыстану факультетінің ғалымдарына ұсынып отырмыз. Бұл атамыздың өз өмірінде еліне қызмет еткен. Яғни, діни тұрғындан рухани байлықты беріп қана қоймай, ол атамыз Шығыс медицинасымен айналлысқан. Емшілікпен айналысу барысында да қаншама еңбектер қолжазбаларында, кітаптарда барлығы ғылыми тұрғыда жасалған дүниелер.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Қазанда басылған мына татар тіліндегі кітапта Ақмола шаhарының географиялық орналасуы мен саяси-әлеуметтік жағдайы жазылған. Сол кездегі Ақмола қазақ даласының орталығы ретінде Сібір мен Орталық Азия арасында алтын көпір қызметін атқарып, мәдениеттердің алмасуына септігін тигізгені баяндалады. Сондай-ақ қалада әкімшілік ғимараттар, қонақ үйлер, екі үлкен базар, шағын ұстаханалар жұмыс істегені жазылыпты.

Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:

- Осыған байланысты біздер арнайы жұмыс тобын құрып, зерттеу жұмыстарын бастап кеттік. Осыларды бітіргенде біз арнайы көпшілікке баяндаймыз. Қазірдің өзінде мына кітаптардың XVII ғасырдағы парсы тіліндегі медицина туралы құнды кітап, мынау фармецевтика бойынша XVII-XIX ғасырда жазылған. Құранның қолжазба қорлары бар. Біздің астанамызға байланысты құнды мәліметтер бар. Жалпы мұндай үлкен көлемде берілген кітаптар бізде өте сирек.

Қазіргі уақытта оқу орнының кітапхана қоры 14 мыңнан асады. Енді аса сирек кездесетін еңбектер мен қолжазбалар қатары тағы 300 туындыға көбейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ...