424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлттық және мемлекеттік ЖОО-лар 600-ден астам жаңа білім беру бағдарламасын енгізді

  • 318
  • UPD: 12:50, 14.07.2021
Ұлттық және мемлекеттік ЖОО-лар 600-ден астам жаңа білім беру бағдарламасын енгізді

ҚР БҒМ ведомстволық бағынышты мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары өткен екі жылда 600-ден астам жаңа және 100-ге жуық инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізді.

Жаңа білім беру бағдарламаларына жоғары оқу орындарында бұрын-соңды кадрлар даярлау жүзеге асырылмағандары, ал инновациялық бағдарламаларға университетте алғаш рет енгізіліп отырған және басқа ЖОО-да жоқ білім беру бағдарламалары жатады.

Жаңа білім беру бағдарламаларының басым бөлігі «Педагогикалық ғылымдар» (20%), «Бизнес, басқару және құқық» (18%), «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» (16%) бағыттары бойынша ашылды. Мұндай үрдіс педагогтердің мәртебесін арттырумен, сонымен бірге ел экономикасындағы өңдеуші және құрылыс салаларын дамытуға деген сұраныспен байланысты.

«БҒМ-ге ведомстволық бағынышты ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының барлық жаңа және инновациялық бағдарламасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген. Бұл олардың жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін растайды. Қазір біз білім беру сапасына деген сұранысты күшейтіп жатырмыз. Енгізіліп жатқан бағдарламалар жұмыс берушілермен бірлесіп, олардың мамандарға қоятын талаптары мен сұраныстарын ескере отырып әзірленген», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Мәселен, Қарағанды техникалық университетінде 2019 жылдан бастап 7 жаңа білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлау жүргізіліп келеді. Бұл «Машина жасау саласындағы цифрлық технологиялар», «Басқарудың кіріктірілген цифрлық жүйелері», «Тау-кен кәсіпорындары мен жерасты құрылыстарын салу», «Цифрлық аэрофототүсірілім», «Тамақ биоиндустриясы», «IT-медицина» және «Жерді қашықтықтан алдын ала тексеру».

Ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сондай-ақ «Киберпедагогика», «Цифрлық аналитикалық білім беру жүйелерін жобалау», «Жасанды интеллект технологиялары», «Ұшатын аппараттардың ұшу динамикасы және қозғалысын басқару», «Медициналық инжиниринг» және басқа да инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды.

Торайғыров университетінде (бұрынғы «С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті») Computer Science инновациялық жаңа факультеті құрылды. Университет студенттері киберқауіпсіздік, бағдарламалық инженерия, веб-әзірлеу, DevOps-инженерия, графика жасауды үйренеді. Оларға IT саласының тәжірибелі мамандары сабақ береді.

Сондай-ақ өткен екі жылдың ішінде жоғары оқу орындарында «Цифрлық педагогика», «STEM-білім беру», «Ақпараттық қауіпсіздік», «Адам ресурстарын басқару» және басқа да білім беру бағдарламалары жаңартылды.

Жоғары оқу орындары басқа да білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіру әрі өзектендіру бойынша жұмыс жүргізеді. Бүгінде қолданыстағы бағдарламалардың 40%-тен астамы жаңартылды. Бағдарламаларға жаңа пәндер мен тәжірибеге бағытталған курстар енгізілген.

Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу жалғасатын болады.

Ақпарат көзі: ҚР БҒМ баспасөз қызметі

 

Хабар 24 телеарнасы