Қарағанды облысында биылғы оқу жылын дәстүрлі форматта өткізу жоспарланып отыр

Қарағанды облысының білім басқармасы карантиндік ахуалға қарамастан биылғы оқу жылын дәстүрлі форматта өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстағы 500-ден астам білім нысаны қазір оқушыларды қабылдауға қызу дайындалып жатыр. Тек шектеу шаралары сақталады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Былтыр Қарағанды облысындағы әр екінші мектепте осындай жөндеу жұмыстары жүрді деп айтуға болады. Биыл да 146 білім беру нысанын ағымдық және күрделі түрде жөндеу жоспарланған. Ал, алтын ұя мектебін сағынған оқушылар биылдан бастап дәстүрлі түрде білім аларына қуанышты. Себебі өткен жылы білім деңгейі төмендеп кеткенін өздері де мойындайды.

Алим Шегебаев, оқушы:

- Қашықтықтан оқу деген қиын екен. Оқуыңды қадағалап отыратын ұстазың қасыңда болмайды. Өткен жылғы оқуым оқу болмағанын мойындаймын. Қазір ұстаз жалдап білімімді жетілдіруді жоспарлап отырмын. Себебі көп нәрседен құр қалған сияқтымын.

Офлайн режимде оқу үшін талап бір. Ол ұстаздар қауымы 100% індеке қарсы екпе салдырған болу керек. Вакцинаны 18 жастан асқан колледж студенттері де жасайды. Ал, екпені медициналық қауіптен тыс салдырғысы келмеген ұстаздар қызметтен шеттетілуі мүмкін. Бүгінгі күні мұғалімдердің 84%-і екпе алған.

Гүлдана Нұрсұлтан, білім басқармасының бөлім басшысы:

- Сабақтар бәрі бұрынғыша 45 минуттан өтеді. Кабинеттік жүйе жойылады. Егер оқушылар арасында індет шықса, сол ауырған бала оқыған блок қана жабылады Егер бұрын барлық мектеп 14 күнге карантинге кетсе, қазір бастауыш сыныптан ауырса, солар ғана кетеді, қалғаны оқи береді.

Бүгінде 2,3 млрд теңгеге қажетті кітаптар да сатып алынған. Жақын арада санитайзерлік құралдар да алынады. Облыс бойынша 1 қыркүйектен бастап 209 мыңнан астам оқушы мектепке барады. Оның ішінде 22 мыңға жуығы бірінші сынып оқушылары.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев