Қазақстанда жоғарғы білім алуға ниетті мүгедек жандар саны 6 есе азайды

Қазақстанда жоғарғы білім алғысы келетін мүгедек жандар саны 6 есе азайды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша өткен жылы мұндай талапкерлер шамамен төрт жүз болса, биыл тек 64 үміткер болып отыр. Олар үшін оқу грантының 1 проценті ғана бөлінеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ҰБТ тест тапсыру да оңай емес. 

Биыл ҰБТ тапсырған жасөспірім Александр Черченко сынақтың бірінші кезеңінен өте алмай қалды. Себебі сұрақтар графикамен және суреттермен берілген. Өзі екі көзінен бірдей айырылған зағип түлек үшін бұл үлкен соққы болды. Дегенмен, Александр сынаққа сынбай болашақта заңгер болуды армандайтынын айтады. 

Александр Черченко, Орал қаласының тұрғыны:

- Пәндер бойынша суреттері бар сұрақтар болды. Математикадан көру керек тапсырмалар берілген. Жаныма әрине нұсқаушы берді. Бірақ ол суретпен берілген тапсырманы түсіндіріп айта алмас еді. Мүмкіндігі шектеулі түлектер үшін ҰБТ-ға өзгерістер енгізу керек деген бұйымтаймен білім министріне жүгіндік. Ол мән-жайды ұққандай болды.

Жауапты ведомство басшысымен кездесуден соң келесі сынаққа сұрақтар өзгерген. Ол кезде Александр 84 ұпай жинапты. Алайда ол таңдаған мамандыққа Оралдағы жоғарғы оқу орындарына білім министрлігі бір де бір грант бөлмеген. Ал ақылы бір жыл оқу жарты миллион теңгеден асады. Мұндай соманы бірінші топтағы мүгедектің отбасы тауып беру мүмкін емес деп отыр.

Жанна Есінбаева, Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру басқармасының басшысы:

- Мүгедек адамдар үшін бізде арнайы қабылдау квотасы ұсынылған. Ол мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 1 проценті. Өтініш берген кезде мүгедектер өз квоталары арасындағы конкурсқа қатысатын болады. Биыл 64 адам өтініш беріп, мүгедектік санатын көрсетті. Оның ішінде 21 адамның көру қабілеті нашар. Егер олар шекті балл жинаса, конкурсқа қатысады, әдетте барлығы грант алады.

Білім министрлігінің мәліметінше, былтыр ҰБТ өткен 130 мың оқушының 400-і мүгедектік санатын көрсеткен. Биыл жоғары білім алғысы келетіндер саны одан да аз. Былтырғыдан шамамен 6 есеге азайған. Грантқа түсу үшін бір пайыздық квота жеткілікті ме, жоқ па тамыз айында белгілі болады.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің орта және жоғарғы оқу орындарымызда мүгедек адамдарды қолдау орталықтары іс жүзінде жоқ екенін атап өткен жөн. Әдетте дамыған елдердің білім мекемесінде мұндай тәжірибе бар. Жаны да, тәні де жаралы жандарға психологиялық әрі заңды қолдау көрсету маңызды. Қазір Білім және ғылым министрлігі осы жағдайды қадағаласа жақсы болар еді деп ойлаймын.

Мамандар мүгедектігі бар талапкерлерге жағдай жасалу керек деп санайды. Мұндай балалармен жұмыс істеудің ерекшеліктерін білетін мұғалімдер қажет. Жақында Мемлекет басшысы инклюзивті білім беру туралы Заңға қол қойды. Енді мүгедек балаларға тиісті жағдай жасамаса мектептер мен ЖОО басшылары жазаланатын болады.

Гүлзия Нақыпқызы