Алматыда тауға қауіпсіз саяхаттау туралы дәріс оқылады

Себебі соңғы жылдары тұрғындар арасында тауға шығуға деген қызығушылық артқан. Әсіресе жастар көп. Бірақ олар тауға шығу үшін ешқандай дайындық жасамайды. Жыл мезгілін де, ауа райын да ескермейді. Кейбірі жазатайым оқиғаға тап болып, ауруханаға түсіп жатады. Тіпті өмірмен қоштасып жатқандары да бар.

Туристер неге Алматы тауларына шығуға құмар? Әлде олар шытырман оқиғалар іздей ме? Мүмкін өздерін сынағысы келетін шығар дейді құтқарушылар. Оларға қыстың қақаған аязы да, жаздың аптап ыстығы да кедергі емес. Оның үстіне көбі жалғыз жүреді. Тіпті арасында ешкімде жоқ селфи жасағысысы келетіндер де бар. Олар өздеріне сенімді болғанымен шыңды бағындырарда қателіктерге бой алдырып жатады. 

Мәселен, осыдан екі күн ғана бұрын тауда 27 жастағы жас жігіт адасып кетті.  Ол көл маңына қонып, Мәметова шыңына шықпақ болған. Осыны айтып үлгергеннен кейін онымен байланыс үзілген. Абырой болғанда турист аман-есен табылды.  

Мұндай жағдайда Әділет Құдайбергенов сияқты құтқарушылар адасқандарды іздеуге шығады. Ол осыдан 6 жыл бұрын дәрігерлік мамандығын кинологқа ауыстырған. Осы уақыт ішінде Файерэвр деп аталатын итімен ондаған адамның өміріне араша болды. Кәсібін өзгерткеніне еш өкінбейді. Қайта қиын жағдайда қалған адамдарға дер кезінде қол ұшын бергеніне қуанады. Ал кеңес бергеннен жалыққан емес.  

Әділет Құдайбергенов, РЖҚЖ Бас құтқарушысы, кинолог:

- Үйде күтіп отырған адамдар болса сол кісілерге өздеріңіздің баратын маршруттарыңызды, жолдарыңызды айтып кетіңіздер. Қай пикке шығасыздар, қай шыңды бағындырғыңыз келеді? Қанша уақытта қайтасыздар? Және сол көрсеткен жолдарыңыздан ешқайда ауытқымаңыздар. Тауға шыққаннан кейін қайтадан түсу керек екенін ұмытпаңыздар.

Сондай-ақ құтқарушы тауларда мүмкіндігінше ашық түсті киім киюге кеңес береді. Жылы киім алуды да ұмытпаған жөн. Ұялы телефонның болуы міндетті. Тамағын да ерінбей көтеріп жүрген жөн.  Құтқару тобы медициналық жәрдеммен қоса психологиялық тұрғыдан көмек те көрсетеді. Көбіне психологтар жоғалған адамның туыстарының жанынан табылады. 

Валерия Заявленских, РЖҚЖ Бас құтқарушысы,  психолог:

- Тауда адасатындардың көбінің тәжірибесі жоқ. Бұрын тау бөктеріне барғандары болмаса биігіне шығып көрмеген. Ең бастысы, олар шыңды бағындыруды ғана ойлайды. Басқаны қаперге алмайды. Жүріп бара жатып, жан-жақтарына қарамайды, көңіл аудармайды. Тіпті екі-үш адам болса сөйлесіп бара жатып, бағытынан адасып кетеді. Содан кейін қатты қорқып, күйзеліске түседі. Өздерінің жол таба алмайтынын білген соң ғана құтқарушыларды шақырады.

Бұдан былай әр бейсенбі сайын туристік хабта тау туризмі туралы дәрістер оқылады. Оны альпинистер, төтенше жағдайлар мен құтқару қызметінің өкілдері жүргізеді. Кәсіби мамандар тауда қалай жүруден бастап, жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын, қала берді тауға алатын қажетті заттардың тізімін жасатып үйретеді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Ғафу Уәли, Әбен Нарынбаев