«Оқу форматы өзгермесін!» Студенттер петиция жолдады

Солтүстікқазақстандық студенттер шаһардағы жоғарғы оқу ордасының ректорына петиция жолдайды.

Себебі елде қыркүйектен бастап қашықтан білім беру жүйесі тоқтатылады. Нақтырақ айтсақ, педагогика, ветеринария, медицина, заң, авиация, әскери іс және құрылыс саласының болашақ мамандары тек күндізгі бөлімде білім алуға тиіс. Дегенмен өңір жастары мұндай өзгеріске қарсы шығып, оқу форматын өзгертпеуді сұрап отыр. Өйткені оқу ақысы да екі есе қымбаттайды. Оның үстіне қызмет етіп жүргендердің жұмыстан шығуына тура келеді. Қазір өңірдегі аталған жоғарғы оқу ордасында қашықтан білім алып жатқан 800-ден астам студент бар. Олардың көбі ауылдық жерлерде тұрады.

Евгения Қылышбекова, студент:

– Оқып жатқан бөлімнің жабылайын деп жатқанын біз кездейсоқ естідік. Қазір бізге күндізгі бөлімге ауысыңдар не оқудан шығыңдар деп жатыр. Өзім ауылда мұғаліммін. Жұмыстан шықсам, оқуымның ақысын қалай төлеймін? Кішкентай балам бар.

Жанар Таласпаева, университеттің академиялық мәселелер бойынша басқарма мүшесінің м.а.:

– Педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерге біз 5 апталық сабақ кестесін қоюды ұйғарып отырмыз. Яғни олар бір семестрде 5 апта келіп, университеттің ішінде оқуы керек. Екі аптасы мына мектептегі каникул уақытын қамтиды. Айта кетейік, ертеректе  де дәл осындай форматта студенттеріміздің көпшілігі оқыған болатын.