Ата-аналар баласын мектеп формасынан өзге үлгіде киіндіруге қарсы

Жаңа оқу жылында мектеп формасын кию міндеттелмейді. Оқушылар классикалық үлгідегі киіммен сабаққа бара алады. Бұл білім министрлігінің шешімі. Алайда алматылық ата-аналар мұндай шешімге наразы.

Айтуынша, классикалық үлгідегі киім де арзан тұрмайды. Ал мектеп формасын тігетін фабрикалар екінші жыл қатарынан өнімдерін өткізе алмай банкроттықтың алдында тұр.

Мектеп формасын тігетін фабрикалардың қоймасында өткен жылғы дайын өнімді шаң басып тұр. Биылғы маусымда оқушыларға жаңа киім тігілмеді де. Себебі сұраныс жоқ. Министрдің кешегі шешімінен кейін «қоймадағы өнімді биыл сатамыз» деген үміттері құрдымға кетті.

Дана Қаражанова, тауар өндіруші:

- Кірістің бестен бір бөлігі мектеп формасынан түсетін еді. Мамандардан, тігіншілерден айырылмау үшін түрлі салаға арналған арнайы киім тігуді қолға алдық. Мектеп формасын шығаратын өндіріс өкілдері нарықтағы сұранысты жоғалтпау мәселесін көтердік. Бұлай қашанға дейін жалғасатыны белгісіз.

Министрдің шешімімен ата-ана да келіспейді. Айтуынша, классикалық үлгідегі киімге де қомақты қаржы керек. Сондықтан отбасылық бюджетті үнемдеу туралы айту артық.

БЛИЦ

- Форма формамен болу керек қой, школьники должны отличаться.

- Меніңше, мектеп формасы дұрыс.Ол балаларды белгілі бір дәрежеде тәртіпке үйретеді.

- Мектеп формасын кию керек қой, дұрыс қой, классикалық киімнің керегі жоқ.

Ұстаздардың да пікірі ата-аналардың ойымен ұштасады.

Аятжан Ахметжанұлы, №90 гимназия директоры:

- Мектеп формасын міндеттеу керек. Министрліктің ол шешімді қабылдап отырғандағы басты мақсаты пандемия кезіндегі халықтың әлеуметтік хал-жағдайы екендігі түсінікті. Бірақ классика мектеп формасынан қымбат қазіргі таңда. Оның үстіне классикадан жоғары сынып оқушылары өте-мөте жарыс өткізеді. Күніне әртүрлі киіммен, әртүрлі классика, ал біз талап қоя алмаймыз, ал бұл мектептегі әлеуметтік теңсіздікті шығарады.

Ал қалалық білім басқармасының өкілдері, классикалық үлгідегі киім киюде белгілі бір тыйым мен шектеу бар екенін алға тартты.

Қайрат Жұманов,  қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Классикалық үлгі ұстамды, артық ештеңесі жоқ киім. Мектепке спорттық үлгідегі киім киюге тыйым салынады. Шорты киюге де болмайды. Осындай тыйымдар бар. Ал қою түсті джинс киіп келуге болады. Дегенмен, мектеп формасын сатып алып қойған ата-аналар балаларына ыңғайлы болу үшін мектеп формасында сабаққа жіберсе болады.

Оқу жылының басталуына айдан аз уақыт қалды. Алайда білім министрлігі оқу форматының қандай болатыны туралы әлі бір шешімге келген жоқ. Сондықтан ата-аналар да мектеп формасын алуға асығар емес.

Гүлжан Көленқызы, Радик Джакупов