Оқушылар биыл мектепке бара ала ма?

Биыл оқушылар да, студенттер де дәстүрлі форматта білім алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші қыркүйекте алғашқы қоңырау соғылады. Мектеп табалдырығын аттайтын балғындар үшін оқу ордаларының алдында салтанатты шара өтіп, бүлдіршіндерге әліппе табысталады. Жалпы осы жылы 3 миллионнан аса бала оқиды деп жоспарланып отыр. Білім және ғылым министрі бірқатар талап-ережені атады. Сонымен, жаңа оқу жылы қалай өтеді?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бірақ аурудың бетін аулақ қылсын дейміз. Жә. «Сонымен биыл мектепке 3 миллион 600 мың бала барады», - деді министр. Қыркүйектің бірінде бірінші сыныпқа баратын балалар үшін мектептердің алдында әліппе табысталады. Ал, екі мен он бірінші сынып аралығындағы оқушыларға өз кабинеттерінде сынып сағаты өткізіледі. Мектеп формасы сақталады. Алайда сабаққа классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен де баруға рұқсат.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Барлық білім ұйымдарында кварцтеу міндет болады...

Арсине Катвалян, оқушы:

- Өте қуаныштымын. Мектепті, достарымды сағындым. Бүгін келіп, кітаптарды алдым. Сынып жетекшіммен және сыныптастарыммен кездесіп, арқа-жарқа болдық. Онлайн сабақтан гөрі осы дәстүрлі форматта оқығанымыз дұрыс қой.

Министр оқушы, студенттер дәстүрлі форматта оқысын деп тәуекел жасады. Әйтпесе, білім сапасы төмендеп кететін түрі бар. Былтырдың өзінде үлгерім нашарлағаны белгілі. Биыл енді педагогтар сол олқылықтың орнын толтырмақ.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Оқу жылында негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын коррекциялауға нашар үлгеретін балалармен қосымша жұмысқа басты назар аударылады. Сабақтың ұзақтығы 45 минут. Күнделікті бағалау жүйесі әрі қарай жалғасады. Келесі жылы 4 апталық жазғы мектеп ұйымдастырылады.

Елдегі барлық білім мекемесінде педагогтардың 93%-і вакцина алған. Мәселен елордадағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейде 200 педагог болса, соның бәрі де екпе салдырыпты. Жаңа оқу жылында бұл мектепте 4500-ден аса бала оқымақ. Қазіргі таңда...

Гүлжан Төлеуова, С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Қазіргі таңда біздің мектепте 67 оқу кабинеті дайын. Бұл оқу кабинеттері біздің оқушыларымыздың екі ауысымда білім алуына толықтай жетеді.

- Бір сыныпта оқушылар толық отыра ма?

- Отырады.

- Ал, үзіліс кезінде дәлізге шығып емін еркін жүре ала ма?

- Әрине, оқушылар 45 минут бойы кабинетте отыра бермейді ғой. Үзілістерде міндетті түрде таза ауаға шығады. Солу ақытта дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Асханаға тамақтануға да рұқсат беріледі.

Санитарлық талап қатаң. Оқушылар мектепке 8 есіктен кіріп, шығады. Яғни, бастауыштың, орта буынның және жоғары сыныптың оқушылары бір-бірімен араласпайды.

Сонымен, қыркүйектің бірінде басталатын жаңа оқу жылы 34 аптаға созылады. Одан соң жазда биылғыдай тағы 4 жұма қосымша сабақтар өткізіледі. Әйтеуір бәрі тыныш өтсе игі.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы