Түркістанда жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүруде

Биыл оқушылар мектепте оқитын болғандықтан облыстағы оқу орындарының барлығына Ashyq жүйесі енгізілген. Санитарлық талаптар күшейтілді. Қазір өңірдегі барлық мектептер соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркістан облысында 50 мың бала 1-ші сыныпқа барады. Биыл оқушылар мектепте оқитын болғандықтан облыстағы оқу орындарының барлығына Ashyq жүйесі енгізілген. Санитарлық талаптар күшейтілді. Қазір өңірдегі барлық мектептер соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр.

Нүркен Әбубәкіров Түркістан қаласындағы Мәншүк Мәмбетова атындағы №6 жалпы орта мектебінде информатика пәнінен сабақ береді. Тәжірибелі маман мектептегі Ashyq жүйесінің жұмысына жауапты. Сондықтан ол Ashyq жүйесін телефонмен қалай пайдалану керектігін ұжымдағы барлық әріптестеріне түсіндіреді. Жаңа жүйенің санитарлық талаптарды сақтап, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін пайдасы зор екенін айтады.

Нүркен Әбубәкіров, информатика пәнінің мұғалімі:

- Оқу жылының басында ата-аналар, қонақтар келуі мүмкін, барлық қызметкерлерді осы Ashyq жүйесімен кіргіземіз. Яғни бұл өте пайдалы, себебі барлық ұялы телефондарда орнатуға болады. Мобильді жүйесі бар. Әр мекеменің жеке QR коды болады. Сол арқылы тексерілген кезде адамдардың мәртебесі жасыл, қызыл немесе сары түсте екені анықталады. Сол арқылы ол адамның қауіпсіз не қауіпті екенін білген соң ғана мекемеге кіргізіледі.

Мәншүк Мәмбетова атындағы №6 жалпы орта мектебінде 546 бала білім алып, 90 адам жұмыс істейді. Оның 60-ы мұғалім болса, қалғаны шаруашылық қызметкерлері. Мектеп басшылығының айтуынша, барлық мамандар вакциналаудан өткен. Қазір білім ордасында санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жаңа оқу жылына соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Шыңғыс Рүстемов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Жаңа оқу жылына 100% вакцинаның І, ІІ-ші компонентінің бәрін салдырып, оқу жылын дәстүрлі форматта оқуға дайын болып отырмыз. Мектептің мейірбикесі күнде таңертең оқушылар мен мұғалімдерді кіргізген кезде температурасын өлшеп, қолдарын залалсыздандырып өтеді. Сыныптың ішінде бір партаға бір оқушы шахмат сияқты отырады. Ара қашықтықты сақтап, мұғалімдер де сол талапқа сай жұмыс істейді.

Жалпы Түркістан облысындағы 927 мектепте 516 мыңнан астам бала білім алады. Қазір өңірдегі барлық мектептер жаңа оқу жылында дәстүрлі форматта оқуға дайындалып жатыр. Қауіпсіздік шаралары үшін 175 млн теңгеге санитарлық құрал-жабдықтар сатып алынған. Білім мекемелерінде сабақ беретін 83 мыңнан астам мұғалімнің дені вакцина салдырған.

Рақымбек Жолаев, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

- Мұғалімдердің 86%, ал техникалық қызметкерлердің 96% вакцинациядан өтті. Қалған мұғалімдердің 14%, техникалық қызметкерлердің 4% – вакциналауға жатпайтын топтағы азаматтар мен азаматшалар. Екпе алуы тиіс мұғалімдер мен басқа да қызметкерлер 100% вакцина салдырды.

Карантиндік шектеулер мен сауда орындарының жұмысын және ата-аналардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жаңа оқу жылында оқушылардан бірыңғай мектеп формасы талап етілмейтін болды.

Сәкен Қалқаманов, облыс әкімінің орынбасары:

- Бірақ классикалық үлгіде балалар мектепке бару керек. Джинсы, спорттық киәмдер киюге болмайды. Қара немесе көк шалбар және ақ көйлек. Үстіне костюм киюге міндетті емес. Көк, қоңыр түсті болса болады. Кейбір ата-аналар мектеп формасын алып қойса, сонымен келе береді. Қыздар юбка немесе шалбар, ақ көйлек, кофта. «Орамал тағып, хиджаб кию» деген болмайды.

Биыл Түркістан облысында 78 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 70-сі облыстық бюджеттен, 8-і «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында салынып жатыр. Бүгінгі күні өңірде 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп болса, биыл 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Қалғаны 2023 жылы толығымен шешімін таппақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы