Жетісу өңіріндегі 100-ден аса білім ордасына күрделі жөндеу қажет

Солардың қатарында Есік қаласында орналасқан Абылайхан атындағы №4 орта мектеп те бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

1600 бала оқитын ғимарат өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған.

Абылайхан атындағы орта мектеп Есік қаласындағы ең көне ғимараттардың бірі. Ол әскери госпиталь ретінде тұрғызылып, 1938 жылы пайдалануға берілген. Ал, 1976 жылы қос қапталдан жапсаржай салынып, білім ордасына бейімделді. Нысанның әбден ескіргені сырт көзге көрініп-ақ тұр.

Галина Пашина, Есік қаласының тұрғыны:

- Мектеп ескі, оның ішін де, сыртын да жаңарту қажет. Ауласындағы бетон да ескірген. Жаңа құрал-жабдықтар алса артық болмас еді.

Мектептің салынғанына биыл 83 жыл толды. Осы уақыт аралығында білім ордасы бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген.

Лейла Тункаева, Абылайхан атындағы №4 орта мектеп директоры:

- Мектебімізді өзіміз жылда ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткізіп отырамыз. Соның нәтижесінде жылу жүйелері мектептің күтімі деген сияқты дұрыс жолға қойылған. Дегенмен, ғимараттың ескіруіне байланысты мектебімізге күрделі жөндеу қажет болып тұр.

Аудандық білім бөлімінің басшылығы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мектептің құжаттары дайындалғанын айтты. Бұдан басқа тағы екі оқу орны жасалатын нысандардың тізіміне енгізілген.

Бәтес Аманова, Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Келесі жылға Есік қаласындағы Абылайхан атындағы мектептің жобалық-сметалық құжаты сараптамадан өтіп, толығымен дайын тұр. Одан кейін Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектептің және Ащысай ауылындағы Уәлиханов атындағы орта мектептің жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан өткізіп, келесі жылы күрделі жөндеуден өткіземіз деген жоспар бар.

Облыста биыл 19 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Келесі жылы 21 білім ордасы жаңартылатын болады.

Авторлары: Ш.Қалиден, Қ.Түргенбаев