Жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдердің жалақысы өседі

Жаңа оқу жылынан бастап педагогтарды жұмысқа қабылдаудың жүйесі өзгереді.

Ал, 2022 жылдың қаңтарынан балабақша мен мектеп, колледж мұғалімдерінің жалақысы тағы 25%-ке өседі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тамыз кеңесінде мәлімдеді. Бас ұстаздың айтуынша, осыған дейін мұғалімдерді мектеп директоры қабылдаса, қазір олар электронды форматта конкурстан өтеді. Сонымен қатар мектеп директорларын тағайындау жолы өзгермек. Жаңа тағайындау жүйесі жетекшілердің жұмыс тиімділігін арттырады. Себебі, бір орында 25-30 жыл табан аудармай істеген басшылар бар. Әрі мектеп басшылығының жалақысы да көтерілетін болады. Сондай-ақ бұдан былай мұғалімдердің біліктілігін бес жылда бір рет емес, екі немесе үш жылда бір өткізілуі мүмкін.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Қыркүйектен бастап білім беру мекемелерінің директорларына алғаш рет ротация енгізіледі. Ротация маңызды қадам болып есептеледі. Бұйрыққа қол қойылды. Ол қыркүйекте өз күшіне енеді.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, колледждерге академиялық дербестік берілді. Енді олардың өздері жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындайтын болады. Білім беру бағдарламалары студенттерге қажетті білім алып, қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.