Жаңа әліппе Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделген

Әліппе қайта оралды. Оқулықтағы қатеден шаршап, баласының болашағына алаңдаған жұрттың көңілі орнына түскен де болар.

Ал оның сапасы қандай? Балаға қаншалықты ыңғайлы?

Оны биылғы оқу маусымы көрсетеді. «Бір анығы, жаңа «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы шыққан оқулығының түпнегізінде жасалған», - дейді мамандар. Онда ұлт ұстазының кітабында ұстанған дыбыстық әдіс идеясы бар.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Қазақы үннің түп-тамырынан ажырамаған жаңа әліппе жарыққа шықты. Ол Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделген. Ондағы әріптердің орналасуы оңайдан қиынға бағытталған. Енді балалар сөйлем құрауды оңай игеріп алады.

«Қазақ әлдеқашан тілде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуға тағы жақсы». Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осылай деген. Мектеп бағдарламасына қайта енген әліппенің ерекшелігі – балаға білім нәрін ұлттық құндылықтар арқылы сусындату.

Елдос Нұрланов, ҚР БҒМ Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры:

- Кезінде шыққан әліппедегі дыбыспен үйрету, жаттығу әдісін осы әліппеде қолданды. Реттілік сол, Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған оңтайлысы сол, қысқа мерзімде игерілетін тәртібі басшылыққа алынды. Бағдарламада осындай идеялар тұжырылымдаған соң орталыққа 5 баспадан нұсқалары келді. Біз өткен жылдың қараша мен биылғы жылдың сәуір аралығында осы жұмысты жүргізіп, сараптама жүргізгенбіз.

Жаңартылған әліппеде заманауи технология да ескерілді. Оқулықтың әр бетінде QR-код бар. Оны сканерлеп, аудиожазбалар тыңдауға мүмкіндік бар. Тіпті тапсырмалар да жалпылама берілмейді. Оқушыға қосымша ретінде арнайы дискте ұсынылады. Ал әліппенің оқу бағдарламасына қайта енгені жөніндегі жаңалықты астаналықтар қалай қабылдады?

Қалай болғанда да талай дауға негіз болған, ұзақ күттірген әліппе мектеп бағдарламасына енді. Рас, өзгерістер бар. Дегенмен, бұл жаңалыққа оқушылар да, оқытушылар да қуанды.

Аятжан Ахметжан, қалалық №90 гимназияның директоры:

- Қазақ мектебінің ұлттық негізі ретінде жұрт шулап, 3-4 жыл іздеді. Оның оралуы мен үшін жақсылық нышаны. Білім саласына ұлттық иістің оралуы деп ойлаймын. Білім саласында ұлттық тәрбие мен ұлттық менталитет өзегі болмаса, біз ешқашан ұлттық мемлекет болмаймыз.

Жаңа оқулықтағы әріптердің реті өзгерген. Алғашқы «А» әрпінен кейін кезек бұрынғыдай «Б»-ға емес, «Р» әрпіне тиеді. Ахмет Байтұрсынұлы балаға әуелі «АР» сөзін үйрету маңызды деген.

Айта кетейік, жаңарған әліппенің алғашқы данасы мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған бүлдіршіндерге 25 тамызда тиеді.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Аят Дүйсенбаев, Ерзат Зайтхан